Салалық министрлік жүк көліктері жиі өтетін бағыттар үшін осы әдісті қолдануға басымдық беріп отыр.
Ал шағын елді мекендердің жолына асфальт емес, қиыршықтас немесе шағыл тас қана төселуі мүмкін. Елде күре жолдарға асфальт емес, цемент-бетон төсеу тәсілі кеңінен қолданыла бастайды.
Көлік министрлігі 2028 жылға дейінгі автожол саласын дамыту шараларын бекітті. Жоспарға сәйкес жүктемесі ауыр жолдарға, әсіресе халықаралық бағыттар үшін, ұзақ мерзімге шыдамды материалдарға басымдық беріледі. Өйткені асфальт жабындысы жүк көліктерінің ағынына шыдас бермей жатыр.
Бұған дейін цемент-бетон жабындысы Астана-Щучинск, Алматы-Қорғас, Астана-Қарағанды сияқты жолдарда ғана қолданылған. Енді олардың қатары артады. Қазірдің өзінде транзиттік дәліздердің кейбір учаскелерін осылай жаңғырту жоспарланып отыр. Солардың ішінде Орталық-Батыс, Сарыағаш қаласының айналма жолы, Қызылорда-Ақтөбе, Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолдары бар. Бұл трассалардың көп бөлігі бірінші техникалық санатқа жатады. Жол жөндеу мерзімі туралы нормативке сәйкес жаңғыртудан өткен асфальт 5-7 жыл ғана жөндеусіз қызмет ете алады. «Ал цемент-бетон жабындысы бұдан 4-5 есе ұзақ мерзімге шыдайды», - дейді мамандар.
Нұртілек Хасенов, ҚР КМ Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
- Цементті бетон жобалар уақытында күтіп ұстап отырса, 20-25 жыл жөндеусіз қызмет ете алады. Алайда бір нәрсені ескеру керек. Цементті бетон жабындысын салған кезде технологиясына, сапасына, жаңа технологиялық инновацияларды енгізу, ғылыммен бірге жұмыс істеуге аса мән беру керек. Сол кезде ғана жұмыстың орындалу сапасына байланысты бұл жолдардың ұзақ мерзімде қызмет етуі.
Ауыл жолдарын салу тәртібі өзгереді
Шағын елді мекендердің кіреберіс жолдарына қиыршықтас пен шағылтас төселеді.
Бұл тәсіл бір тәулік ішіндегі көлік ағыны 500-ден төмен ауылдарға ғана қатысты. Материалдарды таңдау кезінде жергілікті климатқа мән беріледі. «Саладағы мұндай өзгеріс экономикалық жағынан тиімді», - дейді мамандар. Елде жергілікті маңызға ие жолдардың жалпы ұзындығы 70 мың шақырымнан асады. Саланы дамыту шаралары аясында ұлттық автожол операторының қызметін дамыту да көзделген. Көлік министрлігі мұның қаржылық тұрақтылықты арттыруға, инвестициялық әлеуетті кеңейтуге және жол активтерін басқарудың заманауи модельдерін енгізуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Мердігерлер жолды жеті жыл күтіп ұстайды
Сонымен қатар жол салу және жаңғырту жобасын енді құрылыс компанияларының өздері әзірлей алады. Есесіне сол автожолды 7 жыл бойы күтіп ұстауға міндетті. Соның ішінде ағымдағы жөндеумен шектелмейді. Қыста қарын күреп, мұзын ояды. Жазда қоқыстан тазартады. Бұл әдіс елде алғаш рет енгізілді. Бүгінгі таңда Астана-Торғай-Ырғыз, Ақтөбе-Қызылорда, Сарыағаш пен Қызылорданың айналма жолдары сияқты жобалар осы механизм негізінде әзірленіп жатыр.
Нұртілек Хасенов, ҚР КМ Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
- Жеті жыл бойы үздіксіз. Қарын тазалау, жаз кезінде қоқыстан тазарту, шөбін тазарту, егер қандай да бір ақаулар болса, жол жөндеу жұмыстарына дейін мердігер өзі айналысатын болады. Кез келген жолды реканструкциядан өткізген кезде климаттық топырақ ерекшелігі ескеріледі. Соған байланысты біздер супер пейв технологиясын енгізіп жатырмыз.
Жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылды
Кейбір өңірлерде жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Мұндай шара жыл сайын көктем мезгілінде, яғни қар еріп, су тасыған кезде жолдың бүлінуінің алдын алу мақсатында қабылданады. Ол оське түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне ғана қатысты. Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Абай, Қарағанды, Қостанай, Шығыс, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында 1 мамырға дейін осындай шектеу енгізіліп отыр.
Тегтер #цемент #бетон #асфальт #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz