RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде 10 млн көшет егіледі

30.03.2026, 13:56 66

Ақтөбе орман шаруашылығына тиесілі тәлімбақта ағаштың 22 түрі өсіріледі. Қарапайым қарағаштан бастап қарағай, шырша, үйеңкі, шаған, мойыл мен қарақат та бар. 

Көшеттердің барлығы былтыр дәннен өсірілген. Жер кепкен соң шаһардың төңірегіне егіледі. 

Аманбай Тәжімішев, «Ақтөбе Орман және жануарлар дүниесін қорғау» ММ орман басшысы:

- Былтырлары Қурайлы елді мекені тұсында, жасыл-желек учаскелерінде ағаш ектік. Олар биыл енді көтеріліп жатыр. Енді ертең күн қыза жапырағы шығып, көзге көріне бастайды. Қазіргі уақытта әлі ерте. Өткенде барып қайтқанбыз. Қазір балшық. Жер қалай кебеді, сол жерді дайындап көшеттерді отырғызу жұмыстарын бастаймыз. 

Облыста 9 орман шаруашылығы бар. Олардың аумағы 267 мың гектардан асады. Алайда әзірге тек 64 мың гектарға жуығында жасыл желек өсіп тұр. Биыл үш жарым мың гектарға көшет егілуі тиіс. Орманшылардың еңбегін оңтайлы ету үшін оларға жаңа техника табысталды.

Наурызбай Назарбайұлы, Табиғи ресурстар басқармасы бөлімінің бас маманы:

- 2025 жылы 494 млн облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, оған біршама техникалық базамызды нығайттық. 19 патрульдік машина, 2 жүретін қаржа, трактордың тіркемелері, қосымша 57 техниканы жарақтандырдық. Екі ұшқышсыз ұшу аппараты. Одан бөлек, 2,2 млрд құрайтын лизинг тәртібімен техникаларды алдық.

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы ауыл-аймақты абаттандырумен қатар елдегі орман қорын ұлғайтуды да көздейді. Бұл орайда иен даланы жасыл-желекпен көмкеріп қана қоймай, қазіргі орман ресурстарын сақтау мәселесі де маңызды.  

Ерхат Мұхамбет, «Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау» ММ өрт сөндірушісі:

- Дала өрттерін, орман өрттерін сөндіреміз. Соңғы есімде қалғаны – Қосестекте болған өрт. Бір тәулік жүрдік ол жақта таудың арасында. Осы камаздың арқасында сөндірдік. Жаңа МЛПК-лар келіп жатыр. Соның арқасында камаз кіре алмаған жерлерге тау-тастарға кіріп, сөндіріп алдық. Осы көліктердің келгені жақсы болды. 

Биыл Самарқанның көк тасы ерте еріді. Әдетте сәуір болмай, тәуір болмайтын өңірдің орманшылары құрал-саймандарын әзірлеп, алқаптардың дегдуін күтіп отыр. Күн райы өзгермесе, сәуірдің 10-нан бастап көшет егуге кіріседі. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz