RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде алимент өндіру тәжірибесі қалай жүзеге асады?

30.03.2026, 14:02 60

Алимент – жаһан бойынша өзекті мәселе. Әлемде борышкерлерге сан түрлі жаза қарастырылған. 

Баласының алдындағы міндетінен жалтарғандар мен тәртіпке бағынбайтындарды заң қалай реттейді? Шаңырағы шайқалған отбасылар қай елде көп? 

АҚШ-та балаға алимент 21 жасқа толғанша төленеді. Оны өтеу тәртібі мемлекеттік деңгейде анықталмағанмен әр штаттың заңында бекітілген. Мысалы, Нью-Йоркта алдымен ата-ананың табысы біріктіріліп, қажеттіліктерге қарай тең бөлінеді. Бір балаға жалпы табыстың 17%-ы, екі бала болса 25, ал үшеу болса 29%-ы төленеді. Баладан бөлек тұратын анасы не әкесі айлық табысы жұбайынан асып кетсе, қажетті соманың 60%-ын аударуы міндетті. Ал баланың мүгедектігі болған жағдайда борышкер қаржылық көмекті 26 жасына дейін көрсетеді. 

Оңтүстік Корея

Оңтүстік Кореяда заң мен тәртіп қатал. Алимент төлеуден жалтарғандар бір жылға дейін қамауға алынуы мүмкін. Тағы 8 мың доллар шамасында айыппұл салу қарастырылған. Сондай-ақ борышкерлерге шекара асып кетуге тыйым салынады. Ел бойынша міндетінен жалтарып жүрген ата-аналар туралы деректер арнайы веб сайттарға жарияланады. Борышкердің жеке бас дерегі тек қарызын толық өтеген жағдайда немесе өмірден озып, банкрот болса, сондай-ақ із-түссіз жоғалып кетсе ғана өшіріледі. 

Түркия

Түркияда көмекақы баладан бөлек, анасына да төленеді. Өйткені ерлі-зайыптылар ажырасса, сот көп жағдайда баланы әкесінің жауапкершілігіне қалдырады. Елде отбасын асырау міндеті әкеге жүктелген. Түркия азаматтары айына 100 бен 1000 доллар аралығында алимент төлейді. Ал жұбайлары заң бойынша екінші рет тұрмыс құрғанша қаржылай қолдау алып отырады. 

Қытай

Қытайда некені бұзу туралы заңға өзгерістер енгізілді. Енді ажырасу кезінде ер адамдар мүлікті тең бөлісуге міндеттелмейді. Билік бұл шешімді елде ажырасқандардың қарасы көбеюімен және туу көрсеткішінің төмендеуімен байланыстырды. Кейінгі жылдары некені бұзу туралы өтініштің шамамен 70%-ын әйелдер берген. Қазір қоғам пікірі екіге жарылып отыр. Бірі жаңа заң отбасының береке-бірлігін арттыруға көмектеседі десе, енді бірі оны гендерлік теңсіздікке балап, әйелдердің құқығын шектеу деп отыр.   

Франция

Францияда жауапкершіліктен жалтарған ата-аналар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Одан бөлек, 15 мың еуро көлемінде айыппұл төлейді. Заңға сәйкес борышкер тұрғылықты мекенжайы немесе қаржылық жағдайы өзгерсе, тиісті органдарға хабарлауы қажет. Уақытылы ескертпеген ата-аналар 6 айға дейін темір торға қамалады. Қазір Францияда алиментке арналған бірыңғай платформа жұмыс істеп тұр. Арнайы агенттік берешекті жинап, алимент алушыларға жолдап отырады.  

Авторы: Нұрбике Жігер

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz