RU
Толық нұсқаға өту

Қоянды қарғын су құрсауында қалды

30.03.2026, 19:20 53

Қояндыда су тасқынының алдын алу жұмыстары осыдан 1 апта бұрын басталды. Сырттан келіп жатқан қар суынан ұзындығы 4 шақырымға тең айналма арна қорғап тұр.

Орталық көшелердің бойында да арықтар қазылды. Алайда қарғын суды сору жұмыстары тым баяу жүріп жатыр, - дейді тұрғындар. 

Қоянды ауылында жүру үшін көлік емес, қайық керек сияқты. Өзіңіз көріп тұрғыныңыздай, ауладан бұл темір тұлпарды шығару бір мұң. Темір тұлпар былай тұрсын. Жұрт өз ауласындағы дәретханасына жете алмай жатыр.

Ауыл тұрғыны Жамбыл Сұлужанның үйі қарғын судың құрсауында қалды. Даладағы әжетханаға жеткеннің өзінде ішіне кіру мүмкін емес, өйткені ішіндегі едені бетіне дейін лай суға толы. Айтуынша, әкімдіктен ешқандай көмек болмай тұр.

Жамбыл Сұлужан, ауыл тұрғыны:

- Әкімнен хат-хабар жоқ. Айттық, ескерттік. Шара қолданбады. «Енді осы суды қалай кетірсек болады?» деген сұрақ туады. Су сорғылайтын арнайы техника, мотопомпа келді ме? Жоқ, ештеңе келген жоқ.

Бұл проблема Жамбылдың көршілеріне де ортақ. Олар да еріген қар суынан аяқ алып жүре алмай отыр. Қыстан қалған қар үйіндісін ауламыздан көшеге шығардық. Түйткіл әкімдік қарды көшеден ауыл сыртына уақтылы шығармағаннан және жаңадан төселген асфальт астына су өткізетін құбырдың орнатпауынан пайда болды, - дейді ашынғандар.

Мұхит Жеңілханұлы, ауыл тұрғыны:

- Су енді басып жатыр. Кішкене шара қолданса жақсы болар еді. Мына жерде кейбір көліктер жүре алмай қалып жатыр. Тракторлар келіп қалып қойған қарды тазартып жатқандар бар ма? Жоқ, әзірге келіп осы маңайдың қарын тазалаған ешкім жоқ. Көрші-қолаң бұрып, тазалағанымен ол қайда барады. Әрі-бері салғанымен қардың баратын жері жоқ.

Жергілікті монша алдындағы қар суын сору жұмыстары да тұралап қалды. Мотопомпа техникасын байқадық. Бірақ жұмыс істемей тұрғанына қарағанда жанармайы таусылған сияқты. Іргедегі басқа жеке тұрғын үйлердің ауласын арнайы көлік арқылы лай судан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен санаулы техника бір күннің ішінде бірнеше мекенжайға қызмет көрсетіп үлгере алмайды. Бұл жағдайға кейбір тұрғындар түсіністік танытып отыр.

Болат Құттыбаев, ауыл тұрғыны:

- Ондай-ондай болады. Біз ауылдың чатында отырамыз. Сондықтан реніштер болады. Бір жағынан үлгеріп жатсақ, екінші жағынан үлгермей жатады. Біз өзіміз сұраныс беріп жатқан кезде кезекте тұрған комиссия өкілдері жауап беріп жатады. Кезекті күтесіз, бүгін кешке бара алмауы мүмкін, бірақ ертең барады дейді. Қатар болып қалатын авариялық жағдайлар бар.

Бірінші кезекте басымдық орталық көшелерге беріліп жатыр. Сырттан келетін қарғыннан құтылған соң, ішкі қар суын сору жұмыстары жеңілдей әрі жеделдей түседі, - дейді ауыл әкімі Бақытхан Сұлтанбай.

Бақытхан Сұлтанбай, Қоянды ауылының әкімі:

- Жалпы ауылымызда 180 шақырым жол бар. 5500 аса тұрғын үй бар. Бір өкініштісі, тұрақты тіркеулері жоқ. Екінші мәселе, кейбір тұрғындар архитектуралық норманы сақтамай салынған үйлердің фундаменті аласалау, жол салынғанда жолдан төмен салынып қалу, осының барлығы осы көктемдегі қарғын суға қиындықтарын туғызып жатыр. Қарғын судың басталғанына 4 күн болды. Бүгінгі таңда осы 4 күннің ішінде бүкіл жағдай қадағалануда. Сырттан ешқандай көмек келген жоқ бізге.

Қояндыдағы ішкі арықтың жалпы ұзындығы 37 шақырым. Оның ішінде 4 шақырымына арнайы бетон қалыптар орнатылған. Бұл арқылы қар суы жоғарыдан төмен қарай жылдам ағады. Жалпы көктемгі су тасқынының алдын алу үшін 37 бірлік техника жұмылдырылды. 16 мыңнан астам текше метр қар елді мекен сыртына шығарылды. Бүгінде ауыл ішінде 21 техника жұмыс істеп тұр. Алайда оның шарапатын анау айтқандай көріп жатқан жоқпыз, дейді бірқатар тұрғын.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрғали Мамурбаев, Ернар Нысанбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz