RU
Толық нұсқаға өту

Астана мен Ташкенттің арасы жақындай түсті

30.03.2026, 20:00 58

Centrum Air әуе компаниясы Ташкенттен Астанаға бағытталған алғашқы рейсін сәтті орындады.

Астана халықаралық әуежайына қонған лайнер - заманауи әрі жайлы Airbus A-320 әуе кемесі. Осылайша өзбекстандық авиакомпания Ташкент-Астана-Ташкент рейстерін аптасына үш рет жасайды. 

Астана халықаралық әуежайы Centrum Air әуе компаниясы мен оның жаңа рейсін ерекше салтанатпен қарсы алды. Осылайша Ташкент–Астана–Ташкент бағыты бойынша тұрақты рейстер 29 наурызда іске қосылды. Бекітілген кестеге сәйкес әуе қатынасы аптасына үш мәрте - дүйсенбі, жұма және жексенбі күндері орындалады. Ұшу уақыты шамамен 2 сағатты құрайды. Жолаушылар дән риза.

Қуаныш Қарсыбаев, жолаушы:

- Алланың қалауымен міне, Ташкентке Centrum Air деген жаңадан бір рейс ашып жатыр екен. Мен де осымен байланысып, бірінші рет Ташкентке кетіп бара жатырмын. Бәрі сәтімен болады деп ойлаймын.

Қол жүгімен барып-қайту әуе билеттерінің ең төменгі бағасы шамамен 85 мың теңгеден басталады. Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әуе қатынасын кеңейтіп, іскерлік, туристік және отбасылық сапарлар үшін қосымша мүмкіндіктер ұсынады, дейді Азаматтық авиация комитетінің өкілдері.

Асқар Ақылбеков, ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің Халықаралық әуе қатынасын реттеу басқармасының басшысы:

- Соңғы кезде елордамыздың халықаралық әуежайында жолаушылар саны бойынша өсім байқалуда. Жолаушылар саны 2025 жылы қателеспесем, 9 млн 200 болды. Осы өсу оң динамикасы халықаралық және ішкі бағыттардың ашылуына және санының көбею арқасы деп есептейміз.

Осылайша, Centrum Air компаниясы қос бағытта алғашқы рейсін сәтті жасады. Айта кеткен жөн, өзге де шетелдік әуе компаниялары елордамызды Франкфурт, Шанхай, Гуанчжоу, Варшава сияқты ірі хабтармен әуе байланысын жаңғыртуды көздеп отыр.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Самат Қазанбаев, Ислам Махамбет

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz