RU
Толық нұсқаға өту

Аты жаман аурудан құлан таза жазылу мүмкін бе?

30.03.2026, 20:20 43

Елде жылына 500-ден астам баладан қатерлі ісік анықталады. Қазір 5 мың бүлдіршін жаман ауруға шалдығып есепте тұр.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі осындай. Көбі 3 пен 10 жас аралығындағы бала. Дәрігерлер жедел лейкоз дертінің көп кездесетінін айтады. Ал осы онкологиялық дертпен ауырған балалар елде емделе ала ма?

Иә, статистика көңіл көншітпегенімен, аты жаман аурудан құлан таза айыққан балалар көп. Осы шолуды дайындау барысында онколог мамандар осылай көңілге демеу бері, сенім ұялатты. Дәрігерлер ауруды барынша ерте анықтаған сайын баланың жазылатынын да алға тартып отыр. Қазіргі медицина Қазақстанда да, әлемде де балалар онкологиясының көптеген түрін сәтті емдей алады, - дейді. Ең бастысы – ерте диагностика, кешенді ем және отбасы мен қоғамның қолдауы балғындардың толық сауығуына мүмкіндік береді екен.

Забира Қыздарбекова, UMC Онкогематология бөлімшесінің меңгерушісі:

- Әрине, онкологиялық ауру лейкоздар 70-80 пайызға дейін емделіп кеткен балалар бар. Негізі ата-аналар баланың жағдайындағы әдеттен тыс өзгерістерге көп көңіл бөлулері керек. Әр ата-ана баласын біледі ғой. Ұзақ уақыт басылмайтын әлсіздік, себепсіз дене қызуы, салмақ жоғалту, тері бозаруы, мұрыннан қан кету, буын ауруларына шағымданса, себепсіз құсулар болса дәрігерге барулары тиіс.

Балалар арасындағы аты жаман аурудың жіті лейкоз деген түрі көп кездеседі, дейді онкологтар. Содан кейін жүйке жүйесінің ісіктері мен жұмсақ тіннің саркомасы да кездеседі.  Бұл дерт қатерлі ісікке шалдыққан балалардың 8%-на жуығына қойылады екен. Мамандар қазірде дерт ерте кезеңде анықталып жатқанын айтады. Демек диагноз неғұрлым ерте қойылса, ем де соғұрлым нәтижелі болады.

Бұл – баланың өмірін сақтап қалудың басты жолы. Жыл сайын тіркелген жүздеген баланың көпшілігі сауығып шығып жатыр.

Ол аурудың бастапқы белгілері:

Әлсіздік пен бозару

Себепсіз көгерулер мен терідегі нүктелер

Ұлғайған лимфа түйіндері

«Біртүрлі» ауырсынулар

Қарашықтағы ақ жылтырауық.

Забира Қыздарбекова, UMC Онкогематология бөлімшесінің меңгерушісі:

- Жалпы сырқаттамалық деңгейі 100 мың балаға 10-15 жағдайлар кездесіп отырады. Балалар онкологиясы 1-2 пайызды ғана құрайды. Балаларда көбінесе қан аурулары көп кездеседі және жедел лейкоз екі түрі болады. Бұл екеуінде де жиі кездеседі. 80-85 пайыздай. Содан кейін ми ісіктері, сосын жүйке жүйесінің ісіктері болуы мүмкін. 

Сондай-ақ ел дәрігерлері обырды емдеуде протондық жаңа тәсілді қолдана бастады. Бұл әдіс сәулелік терапияның ағзаға кері әсерін 60–70%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Онкологтардың айтуынша, протон терапиясы кез келген кезеңдегі обырды емдеуге жарамды. Әсіресе балалар мен бұрын сәулелік терапия алған пациенттерге тиімді. Мәселен, балалардың ағзасы сәулеге өте сезімтал келеді екен. Ал протон терапиясында сәуле тек ісікке бағытталады. Яғни сау тіндерге зақым аз түседі,– деді мамандар.    

Гүлнар Әбділова, Жоғары білікті санатты балалар онколог-гематолог:

- Қазақстанда 2012 жылдан бері балалар арасындағы лейкоз дертін емдеу оң нәтиже бере бастады. Лейкозға шалдыққан балаларға жілік майын алмастыру операциялары сәтті өтіп жүр. Сонымен қатар протондық терапия ем-домы арқылы қатерлі ісіктен айыққан балалар көп.Бұрын ата-аналар балаларын шетел асып емдететін. Енді осы емді өзіміздің елде жасауға мүмкіндік бар.

Ал елімізде аты жаман аурудан сауыққандар арнайы оңалтудан өтеді.  Бүгінде ел бойынша барлығы 81 оңалту орталығы жұмыс істейді. Оның үшеуі – республикалық деңгейдегі мекеме. Бұл орталықтардың барлығында онкологиялық аурудан кейінгі оңалту қызметін көрсететін бөлімшелер бар. Онда балаларға арналған арнайы жатын орындар да қарастырылған. Билік биыл жыл соңына дейін тағы 11 жалпы оңалту орталығын салуды жоспарлап отыр. Бұл өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра түспек.  Қазірде қатерлі ісіктен кейінгі оңалту қызметін -  Алматыдағы Ұлттық балалар оңалту мен Астанадағы Ана мен бала орталықтары көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, облыстық көпбейінді ауруханалар да арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатыр. Мен сұхбат құрған онколог мамандар әуелі ата-ананың қырағы болуы қажет деп отыр. Себебі өз баласының жағдайын анадан артық ешкім біле бермейді. Сондықтан қандай да бір түсініксіз ауру белгілері байқалған бетте дәрігерге жүгінген абзал.

81 - оңалту орталығы бар

3 - республикалық деңгейдегі мекеме

2026 жылдың соңына дейін  11 жалпы оңалту орталығын салуды жоспарда

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz