RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысында «Самұрық-Энерго» ірі ЖЭС құрылысын бастады

30.03.2026, 21:20 55

«Самұрық-Энерго» Павлодар облысында Қазақстан мен ТМД елдері бойынша ең ірі жел электр станциясының құрылысын бастады.

Жоба жаңартылған қуат көздерін дамытып, еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар жоба Қазақстан және Қытай  арасындағы стратегиялық маңызды әріптестік көкжиегін кеңейтеді. 

Павлодар облысында салынатын жел электр станциясы жаңартылатын энергетика саласындағы ең ірі жобалардың біріне айналмақ. Жобаны «Самұрық-Энерго» қытайлық State Power Investment Corporation компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады.Бүгін салтанатты түрде нысанның іргетасын қалау рәсімі өтіп, уақыт капсуласы салынды.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:       

- Электр станциясының жылдық қуаттылығы 3,6 млрд киловатт сағатқа жуықтайды. Бұл шамамен бір миллион үй шаруашылығын электр қуатымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Электрстанциясының қуаттылығы 1 гигаватт яғни өте үлкен ауқым.

Жоба аясында қуаттылығы 300 мегаватт болатын энергия жинақтау жүйесі салынады. Бұл электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын арттырып, жел энергиясын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,2 млрд АҚШ доллары. Жел электр станциясын 2029 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:   

- Жоба өңірдің индустриалдық дамуына және экологияға оң серпін беретіні сөзсіз. Құрылыс кезеңінің өзінде мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылатын болады. Инвестор тарапынан аймағымыздың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қосымша 5 млрд теңге бөлінетін болады.

Жаңа жоба Қазақстанда «жасыл» энергетиканы дамытудағы маңызды қадам болмақ. Бұл бір жағынан атмосфераға таралатын зиянды қалдықтарды азайтып, екінші жағынан елдің энергожүйесінің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz