Қар кетісімен жолдың шұрық-тесігі көбейеді.
Қарағандыда да жағдай осы. Асфальт ойдым-ойдым болып қалған.
Биыл қалада жалпы ұзындығы 137 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Қаржы әзірге тек 15 шақырымға ғана қарастырылған. Негізгі инфрақұрылымдық жобалардың бірі қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігі мен Майқұдық ауданын жалғайтын төрт жолақты жол бөлігі. Жоба іске асса, екі аудан арасындағы ескі жолдағы кептеліс азайып, көлік қатынасы едәуір жеңілдеуге тиіс.
Қыстан кейін жол атаулы тағы да бүлініп шыға келді. Қаланың шеткі жолдарында ғана емес, тіпті орталық көшелерінде де шұңқырлар мен ойықтар пайда болды. Жүргізушілер көліктерінің астын соғып, дөңгелегін жиі жарады. Тіпті ой-шұңқырдан қашамын деп жол апатына түсіп қалғандарды да көрдік, дейді қала жұрты.
БЛИЦ
- Қыста қатты білінген жоқ, ойықтардың барлығы жабық болды. Ал қазір шығып жатыр, жүре алмай жүрміз. Өзім мысалға арасында таксавайтетемін, қаланың ішінде жүру мүмкін болмағаннан кейін межгородқа шығып кетемін тегіс трасса болғаннан кейін.
- Машина қайта-қайта сынады, шұңқыр көп. Жолдың сапасы нашар биыл. Екі баллонымды жардым осы машинада. Салық төлегеннен кейін, жұрттың ақшасын алғаннан кейін дұрыс істеу керек.
Қала ішіндегі жолдардың жалпы ұзындығы 1 мың шақырымға жуықтайды. Биыл 137 шақырымын жөндеу жоспарланып отыр. Алайда әзірге 15 шақырымға ғана 3,5 миллиард теңге қарастырылған. Қалған жұмыс көлемі қаржының түсуіне қарай кезең-кезеңімен орындалады.
Мәди Қожанов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
- Бізде мердігер ұйымдармен келісім-шарт жасалған. Жөндеу жүргізу жоспарланған көшелердегі ақаулар бойынша барлық ведомстволық сараптамалар жасалды. Қазіргі таңда бізді тежеп отырған жалғыз мәселе - қаржыландыру. Сапаға келетін болсақ, салынған жолдарға «Жол активтері сапасының ұлттық оратлығы» оң зертханалық қорытынды берсе ғана қабылданады. Бақылау күшейгендіктен соңғы үш жылда жөнделген жолдар ақаусыз сақталып тұр.
Биыл қаланың Оңтүстік-Шығыс ауданы мен Майқұдықты қосатын алты шақырымдық жолдың құрылысын да аяқтау жоспарланып отыр. Ол төрт жолақты болады. Бұл көлік кептелісін жойып, қаланың қос ауданы арасындағы қатынасты жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ жолдағы қауіпсіздікті жақсарту мақсатында көшелерге мыңға жуық жол белгілері қойылып, 86 мың шаршы метр жолақ сызылады.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит
Тегтер #Қарағанды #жол жөндеу жұмыстары #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz