Биыл шаруалар жалпы көлемі 21 мың гектар алқапты игеріп, ауыл шаруашылығы дақылдарын екті.
Негізінен астық пен мал азығына басымдық берілді. Сондай-ақ көкөніс пен майлы дақылдар себілді. Сала мамандарының болжауынша, биылғы өнім көлемі 80 мың тоннадан асуға тиіс.
Биыл қала аумағында барлығы 21 мың гектар жерге ауыл шаруашылығының өнімі егіледі. Алқаптардың басым бөлігіне арпа, бидай, мал азығы мен майлы дақылдар себу жоспарланған. Әзірге егістіктің 67% игерілді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Қазір өңірде егін науқанының нағыз қызған шағы. Алқаптарға дәнді дақылдар толықтай себіліп, шаруалар енді майлы дақылдарды уақытылы егуге кірісті. Айтуларынша, биылғы қолайлы ауа райы мен сапалы тұқым мол өнім алуға кепіл болмақ.
Барқабай Есқараев өзіне тиесілі шаруашылықтың 207 гектар жеріне техника шығарды. Айтуынша, былтыр мақсарының өнімділігі жоғары болып, төгілген маңдай тері ақталған. Сондықтан биыл да майлы дақылдың таңдаулы тұқымын алдыртты. Енді ала жаздай жердің бабын келтіріп, күзде мол өнім жинап алуды мақсат етеді.
Барқыбай Есқараев, шаруа:
- Уақытылы егіп жатырмын деп ойлаймын. Мақсарының ұрығын қысты күні алып қойғанмын. Былтыр бір азғантай егіп едім жақсы шықты. Бидайды осы мақсары жапты. Биыл бұйырса орта есеппен 10-ның үстінен алсам деген ниет бар. 10 центнердің үстінен алсақ жаман болмайды.
Биыл егістік жерлердің көлемі 2 мың гектарға азайды. Сала мамандарының мәліметінше, бұл үрдіс қаланың қарқынды өсуімен тікелей байланысты. Сондықтан шаруашыларға майлы дақылдардың жоғары сұрыптарын егу ұсынылып, бюджеттен 20 миллион теңгеден астам субсидия қарастырылды.
Сағдат Маханов, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Майлы дақылдарға басым бағыт беріліп отыр. Бұл жерде майлы дақылдардың элиталы тұқымын сатып алуға субсидия беріледі. Сонымен қатар өндірілген өнімді қайта өңдеу цехтарына өткізілетін болса, тоннасына 20 мың теңгеден субсидия қарастырылған.
Салаға жауапты мамандардың болжамынша, биыл барлығы 80 мың тоннадан астам өнім жиналады деп күтілуде. Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында минералды тыңайтқыштар, дизель отыны және жылыжай шығындарын субсидиялауға бюджеттен 863 миллион теңге бөлініп отыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Шымкент #көктемгі егіс жұмыстары #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz