RU
Толық нұсқаға өту

Жертөле кімнің меншігі: тұрғындар мен кәсіпкерлер дауы

31.03.2026, 16:48 50

Астанада 3,5 мыңға тарта тұрғын үй бар. Кейбірі ширек ғасыр бұрын салынған ескі үлгідегі үйлер болса, біразы бертінде қолданысқа берілген заманауи кешендер.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі осындай. Яғни санаты мен сапасына қарай астаналық баспананың сипаты әрқилы. Алайда оларға ортақ бір мәселе бар. Ол көпке ортақ мүліктің меншіктелуіне қатысты. Кешендердегі жертөле мен техникалық қабаттар кезінде әлдебіреулердің иелігіне заңсыз өтіп кеткен. 

Гүлбану Ахметова Сарыарқа 11 мекенжайында тұрады. Былтыр күзде барлық көршісі жиналып, кіреберісті жөндейді. Аңдаусызда электржелісіне зақым келіп, біраз үй жарықсыз қалады. «Ортақ мүлікке қатысты келеңсіздікке сол кезде ұрындық», - дейді Гүлбану. Істің мән-жайын білмекке жертөлеге түсіп электр тоғының желісін тексергісі келген. Алайда жертөле иесі қалада жоқпын деп бір апта бойы кілтін бермей қойыпты.

Гүлбану Ахметова, қала тұрғыны:

- Мысалы қазірдің өзінде бізде ыстық су жоқ. Болғанда бар, бірақ ол өте жылы. Ыстық деп айта алмаймыз. 40 градусқа жетер-жетпес. Оның себебі циркуляция деді. Десек те ол циркуляцияны қалпына келтіру үшін сол жертөлеге кіріп, қосу керек. Алайда ол кіргізбей жатыр.

Самат Ысқақов, бірлік пен бақыт МИБ мүшесі:

- Шын мәнінде, жертөле мен ондағы желінің бәрі тұтас тұрғын үйдің мүлкі саналады. Бұл жерде жертөленің бәрі қалай жекенің қолына өтіп кеткені түсініксіз. Қолдағы құжаттың бірі – 2017 жылы заңсыз жиналыс өткенін, осы үйдегі 480 пәтер иесі үш жертөлені бір адамға беруге қол қойып келісетінін  растайтын хаттама. Бұл – негізі заңсыз құжат. Пәтер иелері кейін «бұл жердегі менің қолым емес» деп таңқалды. Демек жалған құжат жасатқан болып тұр ғой. Осылай үйдегі бірнеше жертөле біреудің жеке иелігіне өткен. 

Мәлім болғандай, қазір бұл жертөлелерде дүкен, қойма сияқты бірнеше кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр. Осы мәселеге қатысты 2021 жылы сот болған. Алайда сот кәсіпкердің мүддесіне қарай шешім шығарған. Мүлік иелері бірлестігі былтыр жазда үстінен шағымданып тағы да сотқа берген. Сондағы талабы – жертөле иесінен коммуналдық қызметке берешек ақысын өндіріп, коммуналдық қызмет мамандарын инженерлік желілерге кедергісіз өтуін қамтамасыз ету.

Самат Ысқақов, «Бірлік пен бақыт» МИБ өкілі:

- Өкінішке қарай, бұны көрген басқа да кәсіпкерлер дәл осындай бассыздыққа барады. Мүлік иелері бірлестігіне қоқан-лоқы көрсетіп, жертөледегі желілерді тексермекке емін-еркін кіріп шығуымыз үшін 200 мың теңге ақша сұрайды. Бұл бір үлкен мәселеге айналды. Осы уақытқа дейін ешбір құзырлы орган ешнәрсе істей алмай келеді, бәрінің қолы байлаулы.

Жертөлелерді меншіктеген Ерлан есімді кәсіпкерге хабарластық. Ол үш жертөлені 2021 жылы құрылыс компаниясынан заңды жолмен сатып алғанын айтады. Мүлік иелері бірлестігі өзін сотқа берген кезде сот Ерлан мырзаның сол жертөлелердің заңды иесі екенін мойындаған. Бұдан кейін бірлестіктің сол кездегі басшысымен мәмілеге келіп, коммуналдық түйткілдерді бірлесе шешіп отырған көрінеді. Тек бертінде басшысы ауысқан соң бұрынғыдай жұмыс істеу мүмкін болмады.  

Ерлан, жертөленің меншік иесі:

- Ол жертөлелерді менен жалға алып отырғандар бар. Коммерцияның не екенін түсінесіздер ғой. Олар тәулігіне 24 сағат бойы жеті күнге кілттерін беріп  қойып, қарап отырмайды ғой? Бірде бір жалға алушы немесе жертөле иесі меншікті мүлік иелері бірлестігінің басшысына өйтіп кілтін бермейді. Өйткені онда мүліктің сақтығына уайымдайды, күзет дабылын орнатқандар бар. Жалпы қандай да бір мәселе туындаса, ол жерге мүлде жолатпайын деген ниетім жоқ. Бірлестік төрағасы менің нөмірімді өзі бұғаттап тастады, менің шағымына құлақ асатын емес. Өйткені жертөле болғандықтан жаңбыр-қар суы төмен қарай ағады. Суағар жүйесін ретке келтіруге құлықсыз. Жуырда ғана 960 мың теңгесін төлеп те қойғанмын. 

Бақыт Топтаева, тілші:

- Сарыарқа 11 мекенжайындағы мүлік иелері бірлестігі міне, дәл осы жертөледе орналасқан. Сыртында «Бірлік пен Бақыт» бірлестігі деп жазылып тұр. Қызығы сол, бұл жерде ауызбіршілік жоқ. Тіпті жертөленің өзі кімге тиесілі екені белгісіз. Демек кез келген уақытта бизнес келіп, егер бірлестікке «осы жерді босатыңыздар» десе, олардың барарға жері, басарға тауы болмайды. 

Ал мынау, Шәкәрім Құдайбердиев 29/1 мекенжайындағы тұрғын үй кешені. «Степной 2» деп аталатын кешенде де осыған ұқсас мәселе. Тек мұндағы техникалық қабатта заңсыз тұрып жатқандар бар. Кезінде қабырғаны ойып, терезе орнатып үй ғып алған. Осының салдарынан үйдің сол тұстағы қабырғалары қақыраған. 

Ерлан Қарбаев, «Степной-2» тұрғын үй кешені МИБ төрағасы

- Олар: «Біздің меншігіміз, бізге кезінде ПИК берген», - дейді. Сот та «сендердің меншіктерің емес, мына кісілердің меншіктері, сіздер солармен келісу керексіздер», - десе де, соған көнбейді ғой.

Мүлік иелері бірлестігінің басшысы Ерлан Қарбаевтың айтуынша, үш кіреберістегі техникалық қабаттарды 2000 жылдары пәтер иелері кооперативі өзінің жұмысшыларына бөліп берген. Техникалық құжат бойынша ол кеңістіктер ортақ мүлікке тиесілі, тұруға арналмаған. Енді оның зардабын бесінші қабаттағы көршілері тартып отыр.

Серік Батыршин, қала тұрғыны:

- Мына қабат төбесі кісі тұратын, адам тұратын болмағаннан кейін жұқа. Бұлардың жай жүріп өткені бізге естіліп тұрады. Ал балалар жүгіргенде төбеде мал жүргендей естіледі. Енді көшсем бе деп ойлап жүрмін.

Аңдасақ, электр қуатының  желісін ашуға рұқсат жоқ. Тұрғындар жылдар бойы жарыққа ақша төлемеген соң, коммуналдық қызмет оларды тоқтан ажыратқан. Алайда олардың шағымынан соң әкімдік оларды қайта қосып, ендігіде ешкім ажыратпас үшін осылай электрқалқанын мөрлеп тастаған. Бұл тұрғындардың да уәжін білмекке әрқайсысының есігін қағып шықтық.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Есіктері тарс жабық. Тым-тырыс тұрып жатқан тұрғындарға ұқсайды.

Айта кету керек, Астанада осыған ұқсас дау-дамайда есеп жоқ. Бас шаһардағы соттардың жүктемесі шамадан артылғаны сонша, кейбір істер өңірлердегі соттарға тапсырған. Соған қарағанда тұрғын үй қатынасына қатысты мұндай істерге кірісуге өзге құзырлы органның құрығы жетпейді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ғалымжан Әбілахат

 

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz