Енді Қазақстан азаматтары шетелде жүрсе де алимент төлеуден жалтара алмайды. Бұған дейін Қазақстан 17 мемлекетпен тиісті келісім жасасқан.
Олардың қатарында Қытай, Вьетнам, Түркия, Үндістан, БАӘ, Иран және тағы басқа елдер бар. Енді бұл тізімге ТМД елдері де қосылып отыр. Жаңа келісімге сәйкес, егер борышкер осы мемлекеттердің бірінде жүрсе, Қазақстан сотының алимент өндіру туралы шешімі сол елдерде де орындалады. Өткен аптада сенаторлар мемлекеттер арасындағы алимент өндіруді жеңілдететін құқықтық көмек жөніндегі халықаралық конвенцияларға енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Енді сот бұйрықтары қосымша рәсімдерсіз танылып, орындалады.
Евгений Больгерт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Конвенция ережелері тек сот шешімдеріне ғана емес, сот бұйрықтарына да қолданылады. Сот бұйрығы – сот актісінің жеңілдетілген түрі, ол алимент өндіру кезінде де пайдаланылады. Бұл кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын жедел қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар басқа мемлекеттердің аумағында шығарылған және мәжбүрлеп орындатуға жататын шешімдер тізбесі сот бұйрықтарын қосу арқылы кеңейтіледі.
Қазақстандық балаларға шетелдегі алимент төлеушілер шамамен 47 миллион теңге қарыз. Әділет вице-министрі Даниэль Ваисовтың айтуынша, қазіргі таңда мұндай борыштарды өндіру бойынша 106 атқарушылық іс тіркелген. Олардың арасында Ресей, Өзбекстан, Украина, Әзербайжан, Беларусь және Қырғызстанда тұратын азаматтар бар. Министрлік барлық жағдайлар уәкілетті органдардың бақылауында екенін мәлімдеді.
Дәниел Ваисов, ҚР Әділет вице-министрі:
- 2025 жылғы 1 шілдеден бастап атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинетінде «цифрлық ассистент» модулі іске қосылды. Қазіргі уақытта борышкерлерді іздеу үшін деректер базаларын Бас прокуратураның ақпараттық жүйесімен интеграциялау мәселесі қарастырылып жатыр. ТМД елдерінің аумағында бұл мәселелер сол елдердің заңнамасымен реттеледі.
Тегтер #алимент #тиімділік #келісімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz