Бейжіңде ҚР Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті насихат бөлімінің меңгерушісі Ли Шулэймен кездесті.
Жүздесу барысында Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы аясындағы ынтымақтастық талқыланды. Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы аясындағы ынтымақтастық талқыланды.
Кездесуде ҚР Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақ-қытай арасында қалыптасқан қарым-қатыныстың биік деңгейіне тоқталып, мәдени алмасу жылы аясында бірқатар бірлескен нақты жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктерін ұсынды. Ол сөзінде «Креативті индустриялар фестивалі, театр және цирк фестивальдерін өткізуге болатындығын тілге тиек етті. Сондай-ақ Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығы ашылғанын атап өтіп, оның әлеуетін мәдени байланыстарды нығайтуға бағыттауға болатынын жеткізді. Өз кезегінде Ли Шулэй Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының өтуі екі ел халқының жақындасуына серпін беретін маңызды фактор болатынына сенім білдірді. «Қытай мен Қазақстан – сенімді достар әрі стратегиялық серіктестер. Біздің қарым-қатынасымыз стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекеттеріміздің басшылары осы жылды Мәдени алмасу жылы деп жариялады. Біз бұл оқиғаға айрықша мән береміз және оның аясында ұйымдастыруға болатын іс-шараларды талқылауға әзірміз», – деді Ли Шулэй.
Кездесуде тараптар бірқатар маңызды бастама көтерді. Әсіресе киноиндустрия саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Аида Балаева Қытай аудиториясының қазақстандық кино үшін зор әлеуетке ие және ірі кинокомпаниялармен әріптестік орнатуға мүмкіндік мол екенін атап өтті. Сондай-ақ бірлескен деректі және көркем фильмдер түсіру, оларды кейін екі ел аумағында ілгерілету мәселелерін талқылады. Ли Шулэй қазақстандық кинематографистерді Шанхай халықаралық кинофестиваліне қатысуға шақырып, бұл алаңның киноны дамыту және мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.
Бұдан бөлек, тараптар бейнелеу өнері саласындағы ынтымақтастықтың келешегіне тоқталды. Бұл бағытта бірлескен көрмелер ұйымдастырып, екі ел суретшілері арасындағы шығармашылық байланысты дамыту мәселелерін сөз етті. Сонымен қатар қазақстандық және қытайлық авторлардың шығармаларын өзара аудару мәселелері де талқыланды. Әдеби туындыларды экрандаудың әлеуетіне де назар аударылды. Бұдан өзге, гастрольдер мен бірлескен қойылымдарды қамтитын театр саласындағы ынтымақтастық мәселелері де көтерілді. Басым бағыттардың бірі ретінде туризмді дамыту, оның ішінде медиа өкілдері үшін таныстыру турларын ұйымдастыру мәселесі де айқындалды.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын
Тегтер #мәдениет #Қытай #Қазақстан
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz