RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы ашылды

31.03.2026, 23:18 55

Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы ресми түрде ашық деп жарияланды. 

Бұл іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы уағдаластықтар аясында ұйымдастырылды. Осы келісімге сәйкес, 2026 жыл Қазақстан мен Қытайдың Мәдениет жылы болып жарияланған еді. Бейжіңде өткен салтанатты шараға ҚР премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. 

Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының ашылу салтанатына мыңға жуық адам қатысты. Гала концерт алдында Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева құттықтау сөз сөйлеп,  Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа мазмұнмен толыға түскенін атап өтті. Бүгінде бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылып, гастрольдер, концерттер, көрмелер мен фестивальдер тұрақты түрде өткізіліп келеді. «Сонымен қатар Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығының ашылуы екі ел арасындағы байланысты нығайту жолындағы маңызды қадам болды», - деді ол өз сөзінде. Өз кезегінде Қытайдың Мәдениет және туризм министрі Мәдениет жылының гуманитарлық байланыстарды тереңдетіп, екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды алаң екенін айтты.

Гала концерт Қытайдың ұлттық опера театрында өтті. Сахнада қазақ-қытай өнерпаздары өнер көрсетіп, көпшілікті тәнті етті. Әсіресе кештің айрықша рухын еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдары көтерді. Қазақ-қытай әндері шырқалып кеш ажарын аша түсті.

Әлішер Кәрімов, әнші:

- Қытай тілінде олардың ең сүйікті әндерінің бірі Го сян дүй әнін орындаймын. «Менің туған қаламның аспаны» деп аударылады. Қытай халқының жүрегіне жақын ән. Өте жақсы дайындалдық. Қытай мұғаліммен. Қытай халқының жүрегінен орын алады деп ойлаймын.

Мэн Цзя, Қытай әншісі:

- Өнерде шекара болмайтынын сезіндім. Осы мәдени алмасу концерті арқылы мен Қытай мен Қазақстанның жас өнерпаздарының музыка, би және шығармашылық арқылы бір-бірімен байланыс орнатып жатқанын көрдім. Бұл қарым-қатынас барысында көбірек адамдар біздің мәдениетіміздің және өркениетіміздің тартымдылығын танып-біле алады деп ойлаймын.

Тағылымды кеш екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністіктің нығая түскенін білдіретін маңызды мәдени оқиғаға айналды. Ресми ашылу салтанатына мәртебелі меймандардан бөлек, жергілікті тұрғындар да қатысты. 

Музыка, театр және шығармашылық арқылы екі ел халқы бір-бірін терең түсінеді. Дәл осындай кездесулер халықтарды жақындастырады. Бұған мәдениеттердің тоғыспалы жылы жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.  Бірлескен жобалар мен ізденістер  қос мемлекетті өзара рухани байытуға серпін берері сөзсіз.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz