Елде жемдік дақылдар егістігі 242 мың гектарға артады. Есесіне бидай алқаптарын қысқарту қажет.
Қазір оның көлемі 24 млн гектардай. Бұл айтарлықтай көп. Алқаптарды әртараптандыру аясында әлеуметтік маңызы бар көкөністер мен жүгері егісін ұлғайту міндет.
Биыл бидай алқаптарының көлемі 12 млн гектарға дейін қысқарады. Ауыл шаруашылығы министрі әртараптандыру аясында майлы және жемдік дақылдарға басымдық берілетінін жеткізді. Өйткені өнімділік жоғары. Елдегі егістік көлемі шамамен 23,8 млн гектар, бұл былтырғыдан 180 мыңға көп. Енді оны біртіндеп қысқарту қажет. Құзырлы министрлік қазір майлы дақылдар алқабын 4 млн гектардан асырмақшы. Ал жемдік дақылдарды 3,3 млн гектарға жеткізбек.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Былтыр дәнді, майлы және бұршақты дақылдардан жақсы өнім алдық. Бұл ішкі қажеттіліктерді толық қамтамасыз етуге және экспортты ұлғайтуға мүмкіндік берді. 2024-2025 маркетингтік жылы астық экспорты 15,3 млн тоннаға жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 60%-ға жоғары және кейінгі 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады.
Алқапты әртараптандыру – жүйелі жұмыс
Алқаптарды әртараптандыру жұмыстары 2010 жылы басталған ед. Ол тұста Үкімет бидайға ғана тәуелділікті азайтуды көздеді. Сөйтіп, жемдік, майлы, сондай-ақ бұршақ дақылдарды көбейту бағдарламасы түзілді. Бұдан кейін нарықты кеңейтіп, экспортқа шығаратын дақылдарды көбейту қажет болды. Бұл кезде күнбағыс, рапс, зығыр алқаптары артты. Ал 2 жыл бұрын суды көп қажет ететін дақылдарды азайту жұмысы басталды. Сарапшылар осындай өзгерістер егіншіліктің тұрақтылығын арттырып, нарыққа бейімделуді жеңілдетеді дейді. Оның үстіне құрғақшылыққа төзімді өнімдер біраз тәуекелді азайтары сөзсіз.
Жалпы әртараптандыру жүйені талап етеді. Мәселен, оңтүстік өңірлер егісті су көлеміне қарай оңтайландырып жатыр. Соның нәтижесінде күріш алқабы 20 мың гектарға қысқарды. Мақта алаңдары тамшылап суарылып жатыр. Ғалымдар жергілікті климатқа қарай жаңа сұрыптарды шығаруға кіріскен. Кейінгі екі жылда бидайдың құрғақшылыққа төзімді 12 сорты, арпаның 3, сұлы мен зығырдың 1, күнбағыстың 3, жалпы алғанда 21 жаңа сұрпы нарыққа шықты.
Егіс алқаптарын әртараптандыру барысы:
2010–2015 – бидайға тәуелділік азая бастады
2016–2020 – майлы, бұршақ және жем-шөп дақылдарының егісі көбейді
2021–2023 – экспортқа қажет күнбағыс, зығыр, рапс егіле бастады
2024 – бидай және арпа алқаптары қысқартылып, басқа дақылдар үлесі артты
2025–2026 – 1 млн га жер әртараптандырылды
Картоп пен сәбіз алқабы кеңейеді
Биыл да әлеуметтік маңызы бар көкөністерге көңіл бөлінеді. Өңірлер картоп пен сәбіздің егіс алқаптарын ұлғайтуға міндеттелді. Мұның маңызы зор. Былтыр ғана шаруалар картоп алқабын кеңейткен ед. Егіс көлемі 12 жарым мың гектарға ұлғайды. Соның нәтижесінде алынған өнім нарықтағы бағаның тұрақталуына тікелей әсер еткен. Енді сәбізді бағамдау керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі қарақұмық алқаптарын да кезең-кезеңімен ұлғайтпақ. Былтыр 91 мың гектар болған аумақ биыл 101 мың гектарға жетеді.
Елде бидай және бұршақ крахмалы өндіріледі
Астанада дәнді және бұршақ дақылдары терең өңделеді. Біріктірілген агроөнеркәсіп кешенін салуға «Қазақстанның даму банкі» мен «Даму» қоры қолғабыс етпек. Бұл Үкімет бекіткен 17 серпінді бастаманың бірі. Жобаның жалпы құны – 175 млрд теңгеден асады. Келісімге сай, банк қаржысы қажетті жабдықтарды сатып алуға, оны монтаждауға жұмсалады. Ал шикізатты Орталық және Солтүстік Қазақстан өңірлері қамтамасыз етеді. Осылайша қосылған құны жоғары бидай және бұршақ крахмалы сияқты өнім өндіріп, импортқа тәуелділікті азайту көзделеді. Экспорт та жоспарда бар. Қазірдің өзінде АҚШ пен Еуропа тарапынан сұраныс түсіп жатыр. Мамандар жылдық экспорттық түсім 100 млрд теңгеден асады деп отыр.
Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Бұл зауыт 300 мың тоннадан астам дәнді-дақылдарды өңдеп, әрі қарай экспортқа шығуға жоспарлары бар. Үлкен жобаның негізі қарастырылған. Осының шеңберінде Астанаға 300 млрд теңге инвестиция тартылатын болады. Одан бөлек қазір Жамбыл облысында құрылысын бастап, осы жылғы бірінші кезеңін аяқтауда. Қытай инвесторлары өзінің жеке инвестициясына зауыт құрылысын жүргізуде. Бұл зауыт биылдан бастап 1 млн тоннаға жуық шикізат ретінде жүгеріні алады.
Астықты терең өңдеу жалғасады
Елде астықты терең өңдеуге басымдық беріліп жатыр. Қазір жылына 500 мың тонна өнім өндіретін 3 кәсіпорын бар. Үш жылда олардың қатары алтауға толығады. Ірі инвесторлармен келісім жасалды. Жұмыс басталып кетті.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #астық #диқандар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz