Алдағы 10 жылда Қазақстанда білікті маман тапшылығы туындауы мүмкін.
Бүгінде экономиканың негізгі салаларында еңбектеніп жүрген кәсіби кадрлардың жасы 40 пен 59 жас аралығында. Олар елдегі жұмысшылардың тең жарымын құрап отыр. Отандық кадр мәселесіне тереңірек үңілу үшін үкімет ауқымды сауалнама жүргізген еді. Оған 73 мыңнан астам отандық кәсіпорын қатысты. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева үкіметтің телеграм парақшасында мәлімдеді. Жіті талдау білім беру мен кадр даярлауда қордаланған мәселенің барын айқындады. Атап айтқанда, өңірлердегі еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныстың арасында алшақтық бар. Мәселен, Ақтөбе облысындағы аграрлық салаға 800 маман қажет, алайда білім ошақтары бұл сұранысты өтей алмай отыр. Ал небәрі 351 IT маманы қажет Қарағанды облысында бұдан жеті есе көп студент оқып жатыр. Үкімет басшысының орынбасары осы ретте жоғары оқу орындарына қабылдау және іріктеу тетіктерінен бастап, кадр даярлаудың барлық кезеңі түбегейлі өзгеріске ұшырайтынын жеткізді. Сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыру және біліктілігін арттыру жүйесі де жаңаруы тиіс, - деді Аида Балаева.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Аида Балаева #кадр тапшылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz