Биыл Тараз қаласында 104 көшені жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 42-сінде асфальт жабынын төсеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Жөнделіп жатқан көшелердің басым бөлігінде бұған дейін мүлде жол болмаған. Ал кейбір көшелер уақыт өте келе әбден тозып, шұрық-тесікке айналған. Қала әкімдігі өкілдерінің мәліметінше, соңғы үш жылда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде шаһардағы жолдардың 75 пайызы жақсы жағдайға жеткізілген.
Таразда соңғы 3 жылда 420 көше жөнделді. Қала билігі биыл да 104 көшені күрделі және орташа жөндеуден өткізбек. Қазір тозған 11 мың шаршы метр тас жолда орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Әбдрайым Уашев, қала тұрғыны:
- Қазір жұмыс істеп жатыр. Істеп жатқан жігіттерге көп рахмет. Тиянақты қылып, айналасын тереңдеу қазып, сүріп тастап, жаңартып істесе де болар еді. Енді ол қаражатқа байланысты болар. Бірақ осыны жасап жатқанын қанағат етіп тұрмыз.
Тараздың орталығы мен теміржолдың арғы бетіндегі шағын аудандарды қосатын көпір құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарына байланысты айналма жол салынып, жақын күндері пайдалануға берілмек.
Нұржан Өмірғалиев, Құрылыс алаңының басшысы:
- Қазіргі эстокаданың астына «БНС свайларын» құю жұмыстары жүргізілуде. Жоспарланған 32 дананың 27-і құйылып бітті. Яғни 80 пайыз жұмыс атқарылған. Келесі кезекте Абай даңғылы астындағы кәріз жүйесін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Және де Абай даңғылының жабылуына байланысты көлік қозғалысына кедергі болмас үшін Балуан Шолақ пен Желтоқсан көшелерінде айналма жол ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Тараздағы 1715 көшенің 1222-сі асфальтталған. Қалғанының барлығына былтыр шағыл тас төселді. Қала билігінің ендігі жоспары сол жолдарға тас жол салу. Қазір 42 көше мен 14 жаяу жүргіншілер жолына асфальт жабыны төселіп жатыр. Бұл жұмыстарға бюджеттен 3,7 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ жыл аяғына дейін тағы 62 жол жөнделіп, 3 көше қайта жаңғыртудан өтеді.
Дамир Айманов, Қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- 3 көшеде қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Былтырғы жылдан өтпелі нысандар. Атап айтқанда, Рысбек батыр көшесі, Ниетқалиев көшесі мен Төле би көшесінің ортасы. Кеңейту жұмыстары және жаяу жүргіншілер жолдары бар. Одан бөлек, Асқаров көшесі, Қойгелді көшесі бар. Қазіргі таңда жұмыстар қарқынды жүруде. Жаяу жүргінші жолдарына қазіргі таңда асфальт төсеніші төселіп жатыр.
Жөнделген осындай жолдарды жергілікті билік күтіп ұстауы керек. Алайда жұмысына салғырт қарайтын қызметкерлер де бар. Мәселен, жол-техникалық инспекция қызметкерлері жыл басына бері облыстағы 8 мың шақырымнан асатын автожолды тексерген. Нәтижесінде 5 мыңға жуық ақау анықталды.
Ержан Мананбаев, Облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Анықталған кемшіліктеріді жою мақсатында тиісті органдарға 397 ақпараттық хат жолданды. Жолдардың қанағаттанарлықсыз жай күйі және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындаманғаны үшін облыста 131 лауазымды тұлға 7 млн-нан астам соммаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Биыл облыстағы жол саласына 21 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 78 жоба жүзеге асып, 179 шақырым жол жөнделеді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Тараз #жол құрылысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz