RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстандықтардың банк алдындағы проблемалық қарызы өсті

01.04.2026, 18:26 40

Қазақстандықтардың банк алдындағы проблемалық қарызы айтарлықтай өсті.

Отандастарымыздың елдегі банктерге 90 күннен кешіктірілген несиесі 1,65 триллион теңге болған. Қайтарылмаған қарыздың 60%-дан астамы елдегі ең ірі екі банкке тиесілі.

Қарыз қамытын киген қарашаға бұл оңай соқпай тұр. Несие алған жұртшылықтың 3 ай бойы төлей алмаған берешегінің 60%-дан астамы елдегі ірі екі банкке иесілі болып шықты. Мамандар бұл жағдайдың бірнеше түйіні барын айтады. Халықтың төлем қабілетінің нашарлауы мүмкін. Десе де, бұрын банктер үмітсіз қарыздарды коллекторларға сатып, осылайша өз балансын «тазартып» отыратын. Қазір коллекторлар тек қызмет көрсетуші компания рөлінде ғана қалып, қарызды өз иелігіне ала алмайды. Салдарынан қаржы ұйымдары проблемалық несиелерді өз статистикасында көрсетуге мәжбүр. 

Бауыржан Ысқақов, экономист:

- Бұл өзгерістер жалпы банктерге қалай әсерін тигізді? Банктердегі баланс қайтарылмаған несие мен уақытында төленбеген несие арасындағы баланс өзгере бастады. Банктер бұрынғыдай проблемалық несиелерді жасыра алмайды. Олардың қайтарылмаған несиесі оның рейтінгіне коэфицентіне кері әсерін тигізе бастайтын болады. Сөйтіп банктердің провизиялары арта бастады. Өздерінің резервтерін көбейтуге мәжбүр.  

Айтқандай, енді екінші деңгейлі банктер несиені оңды солды үлестіре алмайды. Елімізде несие беру ережелері өзгерген. 19 наурыздан бастап, тұтынушылық несиелер бойынша жаңа талап күшіне енгені белгілі.  Демек қарызын төлемегендерге кредит алу қиын. Бұл өзгерістер жыл басында қабылданған Банктер және банк қызметі туралы  жаңа заң аясында жүзеге асырылған. Бұған дейін берешек мерзімі 90 күннен асып кетсе, несие беруге тыйым салынатын. Енді бұл мерзім үш есеге қысқарып, 30 күннен асса, жаңа кредитке шектеу қойылады. Осылайша, кез келген қарызы бойынша бір айдан астам уақыт төлем жасамай жүрген азаматқа жаңадан тұтынушылық несие берілмейді.

Назар Рахимов, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының заң бойынша басқарушы директоры:

- Қазір несие беру тәртібі қатаңдатылды. Соңғы жүзеге асқан шаралар нәтиже бере бастады. Жекелеген азаматтар өз еркімен несие алудан бас тартқан жағдайлар көбейген. Бұған несие қабілеттілігін бағалауға қойылатын талаптардың қатаңдағаны сеп болып отыр.

Кредит алатындарға қауіпсіздік шаралары да күшейтілген. Енді интернет арқылы немесе кепілсіз несие рәсімдеу кезінде міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өту қажет болады. Бұл қадам соңғы уақытта жиілеп кеткен интернет-алаяқтардың СМС-код арқылы бөтен адамның атына несие рәсімдеу қылмыстарының алдын алу үшін енгізіліп отыр. Егер азаматтың несие тарихында ақпарат болмаса, ол 150 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 650 мың теңгеден асатын қарыз алу үшін банкке жеке өзі баруы тиіс. Банк бөлімшесінде де биометриялық тексеру жүргізіліп, клиенттің жазбаша келісімі алынады. Бұл өзгерістер халықтың шамадан тыс қарызға батпауын қадағалаумен қатар, қаржы операцияларының ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.

Айнұр Қуатқызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz