Былтыр елде салынып жатқан жолдардан алты мыңнан астам ақау табылған.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жылына 15 мыңға жуық тексеріске шығады. Оның шамамен 16 пайызы тұрақты түрде талапқа сай емес деп танылып отыр. Яғни құрылыс сапасы әлі де жақсара түсу керек. Осы бағытта жауапты органдар қандай шаралар қабылдап жатыр. Қазақстанда қанша шақырым жол талапқа сай емес?
Бүгінде ел бойынша 95 мың шақырым шамасында жалпы қолданыстағы жол бар. Оның ішінде желілер республикалық және жергілікті болып бөлінеді. Қазір жаңа нормативтер күшіне енген. Жаңа ереже бойынша жолдардың тоқсан пайыздан астамы талапқа сай деп танылып отыр. Министрлік мұны былай түсіндірді.
Мейірхан Бекесов, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Қазіргі кезде жергілікті желі 91 пайыз құрайды нормативтік жағдайы. Республикалық желі 93 пайызды құрайды. Бұл көп халықтың арасында наразылық тудырып жатады. Неге 93, неге 91? Барлық жерде асфальт жабыны жоқ қой деп. Ол нормативке сәйкес топырақ жолдар да, гравий жолдар да нормативтік жағдайға сәйкес бола алады егер тегістігі, ақаулықтары жоқ болса.
Дегенмен, жол сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл 12 мың шақырым жолды жөндеу, реконструкция жасау немесе жаңадан салу жоспарланған. Оның 8 мың шақырымы республикалық, 4 мың шақырымы жергілікті желі. Бұл жұмыстар бірнеше жолмен қаржыландырылады. Әзірге қаражаттың басты көзі – республикалық бюджет. Яғни мемлекеттік сатып алу арқылы мердігер анықталып, жеңімпаз компания құрылысқа кіріседі. Сондықтан бұл жұмыстар сапалы атқарылуы үшін мемлекет түрлі талаптар қояды. Бұл қатарда өнім берушінің тәжірибесі, қаржылық жағдайы сынды көрсеткіштер бар. Яғни, байқауда компанияларға әр критерий бойынша қосымша балл беріледі. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу заңына салада монополия орнауына қарсы тетіктер де енгізілген. 2025 жылға дейін қосалқы мердігерлерге жұмыстың тең жартысын беруге мүмкіндік болса, қазір бұл көрсеткіш 30 пайызға дейін қысқарды.
Мейрамбек Таңжарықов, ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының заңнамасы департаменті директорының орынбасары:
- Сонымен қатар конкурстық өтінімнің ішінде бір қосалқы мердігер көрсетілмесе кейінгі уақытта оны жұмысты орындау барысында жұмысқа тартуға болмайды. Мұндай жағдай анықталған жағдайда тапсырыс берушілер келісімшартты бұзуға құқылы. Яғни қосалқы мердігерлікке берілетін жұмыс бойынша да талап күшейтілді. Өйткені бұған дейін белгілі өнім берушілердің көптеген өңірлердегі жұмыстарды алып, барлық жұмыстарды қосалқы мердігерлікке берген фактілер орын алған еді. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін біздер қосалқы мердігерлікке берілетін жұмыс көлемін азайтып, олардың санын шектеп қойдық.
Сонымен қатар былтыр қабылданған заңда тендерді жергілікті өнім берушілердің ұту мүмкіндігін арттыруға бағытталған нормалар да бар. Мәселен, бір өңірде өткен байқауға қатысқан сол облыстың компаниясына қосымша екі балл беріледі. Сондай-ақ жүктемесі көп ірі компаниялардың да аптығын басатын механизм бар. Яғни өнім берушінің қолданыстағы әр келісімшарты үшін 0,1 балл шегеріліп отырады. Осылайша нарықты қомағай құрылысшылардан арылту көзделген. Алайда сарапшы монополиямен күрес тетіктерін жетілдіре түсу керек деген пікірде.
Вячеслав Лазарев, Құрылысшылар одағының Астана қалалық филиалы директоры:
- Тендерді жеңу үшін тек мықты құрылысшы болу жеткіліксіз. Компания қаржылық жағдайы тұрақты болуы керек. Яғни ірі компаниялар тәжірибе, техникалық мүмкіндігі бойынша басқалардан артық. Осындай алпауыттар тендерлерді ұтқан соң ұсақ компанияларға таратып береді. Сондықтан мемлекеттік тапсырысты мықтыларға ғана емес, шағын және орта бизнеске де мүмкіндік беретін механизмдер керек. Сондай-ақ аймақтарда жергілікті өнім берушілерге қосымша балл беріледі. Ол мекеме тендер үшін сол облыста тіркеліп, шын мәнінде онда жұмыс істемеуі мүмкін. Осыған мән беру керек.
Яғни талаптар үнемі жаңартылып отыруға тиіс. Себебі заңды айналып өтудің жолын табатын пысықайлар болады. Қазір мемлекеттік сатып алу порталы мемлекеттік базалармен интеграцияланған. Тендер құжаттамасы әсіресе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «еңбек.кз» порталындағы деректермен сәйкестендіріліп отырады. Бұл тендерді ұту үшін жалған қызметкерлерді тіркеудің алдын алады. Сондай-ақ жұмысын сапасыз атқарған ұйымдар екі жылға мемлекеттік сатып алу процестерінен шеттетіледі. Яғни тендерге мүлдем қатыса алмайды.
Мейрамбек Таңжарықов, ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының заңнамасы департаменті директорының орынбасары:
- Өзінің міндеттемелерін тиісінше орындамаған өнім берушілер алдағы уақытта да сол кезінде шартты міндеттемелерін орындамағанның салдарын көріп отырады. Яғни теріс мәндер арқылы біз олардан 0,2 балл шегеріп отырамыз. Яғни бұл біздің әлеуетті өнім берушілердің өздерінің іскерлік репутациясына, іскерлік беделіне тиісті деңгейде қарауына септігін тигізеді деп үміттенеміз.
Бағаны аспандатуға да шек қойылған. Қазір құрылыс, реконструкция жұмыстары кезінде жұмыс құны бірнеше сатыдан тұратын тексерістен кейін ғана көтерілуі мүмкін. Ал ағымдағы жөндеу кезінде баға қайта қаралмайды. Себебі бұл қысқа мерзімді келісімшарттар. Сондай-ақ жобаның құнын негізсіз көтеруге де жол берілмейді.
Мейірхан Бекесов, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- ЕРСМ контрактта мемлекет, біздер баға береміз. Сол бағамен конкурсқа қатысады ғой мердігерлер. Конкурсқа қатысу арқылы ол жеорде ең аз баға берген компания ұтып алады. Ол жерде біз белгілеген суммадан жоғары сумма ұсына алмайды. Сондықтан тендерлік конкурстар кезінде бағаны шарықтату мүмкін емес қазір.
Сондай-ақ жол құрылысында қызмет ететін әр маман үш жыл сайын біліктілігін арттырып отыруы керек. Бұл жұмыстардың сапасына тікелей әсер етеді дейді сарапшылар.
Тегтер #жол сапасы #шолу #механизм #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz