RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан машина жасаушыларының XII көрмесі өтті

01.04.2026, 20:26 36

Қазақстанда машина жасау саласы қарқынды дамуда.

Былтыр осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындар 5 трлн теңгеден астам өнім өндіріп, 18 пайыздық өсімді көрсеткен. Саладағы серпінді дамуды Астанада өтіп жатқан XII халықаралық көрмеден анық көруге болады. Елорда төріне жиналған 300-ге жуық компания, өз жаңалықтарымен таныстырып, тың технологияларын паш етті. 

Заманауи келбеттегі автобус, трактор мен ауыр көліктер. Елорда төрінде өтіп жатқан осы жолғы машина жасаушылардың халықаралық көрмесіне алыс жақын шет елдерден келген 300-ге жуық компания қатысып отыр. Солардың бірі елордалық инженерлік компания. Кәсіпорын өндіріске қажетті роботталған қондырғыларды ұсынып отыр. Яғни дәнекерлер, жүктерді тасу, бояу, металлды кесу сынды міндеттерді ақылды құлтемір өзі-ақ орындай алады. Ешбір бағдарламаны алдын ала жазудың қажеті жоқ, дейді компания өкілдері.

Уәлихан Купаров, кәсіпорынның техникалық директоры:

- Еш дайындықсыз керек нүктелерді қоямыз. Мына жерде жадыға сақтаймыз. Сосын кез келген смартфонға өзінің программасын орнатамыз да, стартты басамыз болды. Ешқандай программирование керек емес.

Айта кету керек, қазір машина жасау саласында 4 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп келеді. Бұл кәсіпорындар 130 мыңға жуық отандасымызды еңбекпен қамтып отыр. Саладағы өсім деңгейі де айтарлықтай жетістікке жеткен екен. 

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Бүгінде отандық машина жасау саласы тұрақты өсім көрсетіп, өңдеу өнеркәсібінің негізгі бағыттарының біріне айналды. Қазір бұл сала жалпы өндіріс көлемінің шамамен 20 пайызын құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша машина жасау өнімдерінің көлемі 5,7 триллион теңгеге жетіп, 18 пайызға артты.

Бұл көрме арқылы түрлі компаниялар өздерінің тың технологияларын ұсынып, жаңа серіктестер таба алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастапқы кезде шетелдік кәсіпорындардың өнімдері басым болса, қазір отандық өнеркәсіп иелері де қалыс қалмай келеді.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы:

- Осы 2-3 жылдың ішінде өндірістің, жаңа технологияның орталығы болып табылды. Оны өздеріңіз барлығыңыз көріп отырсыздар. Біздің тек қана шетелден келген компаниялар өздерінің машиналарын көрсетіп отырған жоқ, өзіміздің Қазақстанда шығып жатқан машиналар, тракторлар, комбайндар, мұнай саласында қолданатын құрал-жабдықтар. Айта берсек, жылдан жылға жақсы дамығанына көзіміз жетіп отыр. 

Жалпы айта кету керек, елде былтырдан бері машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары қолға алынған. Бұл құжат 2028 жылға дейін отандық кәсіпорындарды қажетті шикізатпен, кадрмен және қаржылай қолдаумен қамтамасыз етуді көздейді. 

Риат Шони, Асхат Серікұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz