Кореяның оңтүстігіндегі Ульсан қаласының тұрғындары Орталық Азия халықтарының мәдениетімен танысты.
Онда көктем фестивалі өтті. Қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, күй тыңдады және арқан тартып, сайысты.
Ульсан ұлттық ғылым және технологиялар университетінің аумағында өткен көктем мерекесінде қазақстандықтар көп болды. Себебі, Оңтүстік Кореяның бұл ірі мемлекеттік ғылыми-зерттеу жоғары оқу орнында қазақ студенттерінің саны өзге білім ордаларына қарағанда әлдеқайда көп. Фестивальге еліміздің Пусан қаласындағы Бас консулы Аслан Асқар арнайы келді. Кездесуде профессорлар қазақстандық студенттердің жақсы имиджі туралы айтып берді.
Брэдли Татар, Ульсан ұлттық ғылым және технологиялар университетінің профессоры:
- Мен бұл университетте 2010 жылдан бері сабақ беремін және Қазақстаннан келген студенттерді көп жылдан бері танимын. Олар әрқашан шетелдік студенттердің ішіндегі ең мықты топ болды. Қазақстандықтар ұялшақ емес, өз ойларын ашық айтады.
Фестивальде қазақ жастары сабақта ғана емес, өнерде де белсенді екендерін көрсетті. Олар ән шырқап, би биледі. Ұлттық тағамдар әзірлеп, қонақтарға ұсынды. Ақтаулық магистрант Айбек Берген келушілерді Қазақстанның географиясымен таныстырды.
Айбек Берген, Ульсан ұлттық ғылым және технологиялар университетінің магистранты:
- Сұрақтардың ішінен: "не тамақ жейміз?", "қандай түрлі тамақ ішеміз?". Және Қазақстанның табиғатын көрген кезде көбісі шошып кетеді: "кейде жап-жасыл, кейде шөл, кейде қар-қар... неге олай?" деп сұрайды. Сол үшін мен Қазақстанның картасын көрсетіп, әр жердегі әртүрлі табиғатты айтып, таныстырып жатырмын.
Бұрынғы студенттер өздері оқыған білім ордасымен байланысты үзбейді. Былтыр Алматыда Ульсан университеті түлектерінің алғашқы кездесуі өтті. Оған әлемге әйгілі компаниялардың қызметкерлері қатысты.
Чой Ён Иль, Ульсан ұлттық ғылым және технологиялар университетінің департамент басшысы:
- Қазір бізде Қазақстаннан 60-қа жуық студент оқиды. Жалпы Ульсан университетін 180-ге жуық қазақстандық тәмамдады. Біз олармен байланыстамыз. Түлектеріміздің арасында Apple, Google сияқты ірі компаниялардың қызметкерлері бар. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінде өз стартаптарын ашып, оны табысты басқарып отырған жастар да аз емес.
Қазақстандықтардың бұл жоғары оқу орнын таңдауы кездейсоқ емес. Ульсан университетінде жасанды интеллектпен жұмыс істеуді үйретеді және өнеркәсіп, соның ішінде атом саласы үшін кадрлар даярлайды. Жыл сайын мұнда елімізден отызға жуық талапкер оқуға түседі.
Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #корея #қазақ студенттер #фестиваль #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz