Жамбыл облысында қола және ерте темір дәуіріне тиесілі бірегей петроглифтерді ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу бағытында ауқымды зерттеу жұмыстары басталды.
Бұл бастама Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асады. Қазір өңірге арнайы келген археологтар жартастағы көне суреттерді жан-жақты зерделеп жатыр. Сонымен бірге игі іске белсенді жастар да атсалысып жатыр. Олар петроглифтер шоғырланған шатқалдарды қоқыстан тазалап, тарихи мұраны сақтауға үлес қосып жатыр.
Қарасай мен Қамыстыбұлақ шатқалдарының әлі де ашылмаған қыры көп. Бұл аумақта қола дәуірі мен ерте темір дәуіріне тән петроглифтер анықталған. Жартас бетінде тауешкі, түйе, бұқа бейнелері анық көрінеді. Сондай-ақ тастарда аңшылық көріністері, садақ тартқан адамдар мен қару ұстаған жауынгерлердің түрлі символикалық бейнелері қашалған.
Мерей Бает, тілші:
- Қарасай петроглифтерін ең алғаш 1990 жылдары жергілікті тұрғындар анықтаған. Кейін 2000 жылдары арнайы ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазір мұнда 3000-нан аса петроглиф анықталған. Дегенмен ғалымдар бұл жердің әлі де зерттеуді қажет етіп тұрғанын айтады.
Жергілікті ғалымдар бұл аумақты «ашық аспан астындағы галерея» деп те атайды. Мұндағы жәдігерлер – ежелгі тайпалардың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен мәдени болмысынан сыр шертеді. Ғалымдар шатқалды зерттеудің маңызы зор екенін және оның дүниежүзілік жәдігерлер қатарына енуге лайықты екенін айтады.
Сауран Қалиев, археолог:
- Қарасай шатқалы және Қамыстыбұлақ шатқалдары толыққанды зерттелді деп айта алмаймыз. Бүгінгі күнге дейін әлі бұл шатқалдың ішінде жұмбақ петроглифтер бар. Сондықтан қазіргі таңда Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан 6 шақырымға 6 шақырым аумақта зерделеу жұмыстары бүгіннен бастап жүргізіліп жатыр. Бұны тек қана біздің ғалымдар емес, алдағы уақытта шетелдік ғалымдарды тарта отырып сондай бір халықаралық дәрежедегі ұйымдардың қорғауына алынса деген ұсыныстарымыз бар.
Тарихи орындар қоқыстан тазаланды
Тарихи нысанға археологтармен қоса өңірдің белсенді жастары да арнайы келді. Олар «Таза Қазақстан» акциясы аясында шатқалды қоқыстан тазалап, бітелген бұлақтың көзін ашты.
Шәрбану Ынталы, волонтер:
- Жалпы бұндай тарихи кешендерді күтіп баптау – бәріміздің міндетіміз. Себебі бұл тарихи кешендерді біз ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып қалдыруымыз керек. Сол үшін өз үлесімізді қосу үшін волонтерлар болып арнайы келіп отырмыз.
Жалпы экологиялық акция аясында аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағы жүйелі түрде тазартылады. Мысалы, былтыр 60 нысан қамтылып, жол, арық және канал жүйелерінен 19 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә
Тегтер #Жамбыл облысы #петроглифтер #зерттеу жұмыстары #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz