Арқада күннің көзі жібігенмен шығыстағы таулы алқап әлі сіресіп жатыр. Өзендер енді ғана бусанып, мұз бетіне қызылсу жүгірді.
Алда сең қозғалса, жағаға соғылып су тасуы мүмкін. Сол себепті құтқарушылар күні-түні өзендерді күзетіп отыр. Ара-тұра қалың мұздың көбесін сөгіп, суға жол ашады. Мамандар бұған дейін де 17 учаскеге жарылғыш қойған.
Тау-тасты жаңғыртқан бұл дыбыс естіген адамды селт еткізері сөзсіз. Аппақ су бұрқақ аспанға атылып,өзен бетін ақ тұман басты. Осы сәт қаншалықты әдемі көрінсе, соншалықты маңызды. Өйткені мұндай жарылыс қатып, семіп жатқан мұз қабатын тіліп өтеді. Сөйтіп ағыс ашылып, өзен еркін тыныс алады. Демек тасқын қауіпі де сейіледі.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Мұзды жару анау айтқандай оңай жұмыс емес. Өйткені бұл жерде қуатты жарылғыш заттар қолданылады.
Сондықтан кәсіби мамандар ғана жұмылдырылады. Олар белгіленген учаскенің аумағын, мұздың қалыңдығын, ағыстың өтетін тұсын зерттеп барып мұзды 1-1.5 метр тереңдікке дейін ұңғып әр жерге жарылғыш орнатады. Одан соң өздері қауіпсіз жаққа барып, жару жүйесін іске қосады.
Аяулым Кекиева, ШҚО ТЖД басқармасының бас маманы:
- Ең бірінші, біз алдын-ала хабарлама жасап, қай жерде, қай күні жару жұмыстары жүретіні туралы халықты ақпараттандырамыз. Екіншіден, біздің міндетіміз лицензиясы бар жару жұмыстарын жүргізетін мекеменің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Негізінен Алтай Катонқарағай, Глубокое, Үлкен Нарын, Күршім, Марқакөл, Шемонайха аудандарында ағып жатқан өзендерде мұз кептеліп қалуы ықтимал деген 20 учаске анықталған. Осы күнге дейін соның 17-сінде жару жұмыстары аяқталды.
Бұл жалпы 182 мың текше метр аумақты қамтиды. Енді Алтай мен Глубокое ауданында үш өзенде жару жұмысы көзделген. Сөйтіп биылға жоспарланған меже толық орындалады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #ШҚО #мұз жару #құтқарушылар #өзендерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz