RU
Толық нұсқаға өту

Өзбекстанда жанармай қымбаттады

02.04.2026, 10:25 60

Өзбекстанда бензин тұрмақ, газ қымбаттап барады. Жүргізушілер жаппай электр көлікке көшіп жатыр. 

Былтыр көрші елге Қытайдан 700 мыңға жуық осындай техника импортталған. Әрине электр көлікке көшуге жанармайдың қымбаттауы себеп. Мәселен, қазір Аи-92 бензинінің литрі 11 мың 500 бен 13 мың 900 сум аралығында сатылады. Біздің ақшаға шаққанда шамамен 455 теңгеден 548 теңгеге дейін барады. 

Дулат Нуркин, тілші:

- Өзбекстанда биылдан бастап бензин бағасы 10-15 пайызға көтерілді. Бұл жақта жанармай бекеттері биржаға өздері қатысып, жанармай құнын өздері белгілейді. Мемлекет баға саясатына араласпайды. Елдің Энергетика министрлігі 2020 жылы бензинді еркін саудаға жіберген. Әлбетте жанармай бекеттері ойына келген бағаны қоя алмайды. Өйткені бәсекелестік бар. Дизельдің құнына да тоқталғым келіп тұр. Ташкентте оның литрі 489 теңгеден басталып, кейбір бекеттерде 520 теңге көлемінде саудаланады. Айта кету керек, Өзбекстанда биылдан бастап АИ-80 маркасы сатылымнан шығарылды. Ала шапанды ағайындар Еуро-4 экологиялық стандартына өту үшін осындай қадамға барған. О баста Еуро-4 стандартына көрші ел 2028 жылы ауысуы керек. Алайда елдегі күрделі экологиялық ахуал мен жасыл экономикаға берілген басымдық бағдарламаны жеделдетуге мәжбүр етті. Жүргізушілер бұл шешімнің қалтаға қосымша салмақ салғанын айтады. 

Аббос Нашматов, жүргізуші:

- Күнделікті бензинге кететін шығын көп. 80-ші марка қазір нарықта жоқ. 92-ші бензин қымбат болғандықтан оны құю тиімсіз. Мен секілді көлігі бар азаматтар газға ауысып жатыр.

Елде көп көлік газбен жүретінін де ескеру керек. Салыстырмалы түрде қарасақ, метанның да бағасы анау айтқандай арзан емес. Литрі 211 теңге шамасында саудаланады. Нарықтағы бағаның тұрақсыздығына байланысты мұндағы жұрт электр көліктерді тізгіндеуге көшіп жатыр. Былтыр Өзбекстан Қытайдан 700 мыңға жуық электрмобиль импорттаған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz