Астанада алғаш рет халықаралық геологиялық форум өтіп жатыр. Талқы тақырыбы – Орталық Азияға ортақ проблемалар. Алайда саладағы түйткілді тарқатуға басқа мемлекеттер де тартылып, тәжірибесіне құлақ түреді.
Негізі аталған аймақтағы сирек минералдарға әлем соңғы кезде сергектік таныта бастады. Әлбетте, оның бір факторы – жаһандағы жағымсыз жағдайлар. Оның үстіне жер асты байлығын үстіне шығаратын да кез келді. Осы ретте жиында халықаралық ынтымақ пен жер қойнауын тиімді пайдалану және инвестициялар тарту тетіктері сөз болды. Сондай-ақ форумда мемлекет, бизнес және сарапшылар қауымдастығы арасында тікелей диалог, әріптестік пен халықаралық келісімдерге қол қоюға мүмкіндік жасалды.
Соңғы жылдары геология саласында сең қозғалды. Себебі сұраныс артты. Сирек металдар жайлы АҚШ та, Батыс та айта бастады. Енді сөзді іске айналдыру өзіміздің еншімізде. Ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланбасақ, ұтыламыз. Оның үстіне жер сандықта сақтаулы қазба байлық баршылық. Алайда көбіне қарт инженерлерден қалған кен орындарын сүйек мүжігендей соңғы сөлін сорып жатырмыз. «Дәстүрлі кен орындары сарқылу алдында», - деді сала министрі. Ал барлау компаниясының басшысы нақты мысал келтірді.
Ғалым Нұржанов, Kazakhmys Barlau компаниясының бас директоры:
- Көп өндірістер ғасырлық өмірлері бар деуге болады. Шахталардың жұмыс істеп жатқанына 100 жылдай болған. Ол нені білдіреді. Ол елдегі көп компаниялардың минералды шикізаттары азайып жатыр. Жаңа қаратау, жаңа жаңатас сияқты болып қалмау үшін Жезқазған, Балқаш, Сәтпаев, Хромтау сияқты моно қалалар көп. Соның аумағында ізденіс жүріп жатыр. Олар өндірістерге шикізат беру үшін жаңа кен орындарын ашу керек.
Президент те соңғы құрылтайда «құр ниетті ғана танытатын құжаттар емес, нақты нәтижелер керек», - деген еді. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірге геологиялық барлау жұмысын жандандырып, жаңа көмірсутегі кеніштерін игеруді тапсырған. Іле-шала іс ілгерледі.
Иран Шархан, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Алдағы 3 жылда 100 мың шаршы шақырым шамасында зерттеу қамтамасыз етіледі. Биылдан бастап жұмыс басталды.
Ол оңай шаруа емес. Қойнаудағы құт терең қабаттар мен қол жетпейтін аумақтарда жатыр. Олжаны табу әрі алу – Орталық Азияға ортақ проблема. Сондықтан геологиялық зерттеу жүйесін жаңғырту маңызды. Бұл – архивтік материалдарды цифрландыру, үлкен деректерді өңдеу және жерді қашықтан зондтау технологиялары. «Қазақстан болса заманауи инфрақұрылым реформаларын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді», - деді сала министрі. Игілікке инвесторлар жеткізеді. Ал оларды кен орынның барына көз жеткізу керек.
Ерлан Галиев, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы
- Барлау жұмыстарына аукцион жүргізген кезде аукционнан 50 пайызы қайтып мемлекетке келіп, ол ақшаға біз жұмысты жүргізе береміз. Сондықтан бізде цикл болады. Үкімет ақшаны бөліп жатыр, үкіметтің көмегімен жаңа кен орындары ашылып жатыр. Одан соң 50 пайыз қайтып үкіметтен геологияға кете береді.
Геология саласында сан қырлы маман тапшы. Технология жетілгенімен тілін білетіндер жетіспейді. Кадрмен қатар қат нәрсе – құрылғы мен қондырғы.
Ғалым Нұржанов, геологиялық барлау компаниясының бас директоры:
- Кемшілік деп айтуға болады. Мысалы, Қазақстанда барлық геологиялық барлау компаниялар бірдей дамып келе жатқан жоқ. Мысалы, біздегі геологиялық барлау компанияларының 80 пайызының бұрғылау қондырғылары ескі. 20 жылдан асып кеткен деп айтуға да болады. Ал олардың бәрін жаңадан алайын десе де жеңілдіктер жоқ. Мысалы ауыл шаруашылығында субсидия береді. Ал, барлау компанияларына ешқандай жеңілдіктер жоқ.
Форум – тек кеңесу емес, көңіл түсіп, көз жетсе бірден келісу. Соның дәлелі ретінде хорватиялық компания алғаш рет елдің геологиялық барлау секторына инвестиция салатын болды. Ақтөбе өңіріндегі Шығыс учаскесінде көмірсутектерді барлау мен өндіру бойынша келісімшарт жасалды. Жалпы геологиялық барлауға салынған инвестиция 433 млрд теңгеге жуықтаған. Алайда қаржысымен қатар қажыр-қайраты маңызды.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Ғалымжан Абдылахат
Тегтер #Астана #Орталық Азия #форумPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz