RU
Толық нұсқаға өту

Елордада ерекше балалар өнер көрсетті

02.04.2026, 17:20 87

2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. Осыған орай елордада ерекше балалардың қатысуымен қайырымдылық концерті өтті.

Өңір-өңірден жиналған өнерлі өрендердің салған суреттері, қолөнер бұйымдарды көптің назарына ұсынылды. 

Бүгін 7 жасар Айтұмар алғаш рет үлкен сахнада өнер көрсетті. Аутизм диагнозы қойылған жеткіншек ән шырқап, көптің құрмет-қошеметіне бөленді. Анасының қуанышында шек жоқ. Айтуынша, қызының қоғаммен қарым-қатынас жасауы қиын болғанымен, музыкаға жаны жақын болды. Ал ерекше күтімді қажет ететін баланың шығармашылығын шыңдау үлкен жетістік.

Гүлбану Әниятқызы, Астана қаласының тұрғыны:

- Себебі ерекше баланы күнделікті дағдыға, күнделікті өмірге бір нәрсеге үйрету өте қиын. Бірақ ерекше балалардың ішінде кейбірі осындай талантты болып келеді. Бұл мәселеге біз бір күн ғана емес, күнделікті назар аударуымыз керек. Әркім өзінің баласына, өзінің отбасына осындай ерекше балалар бар екенін, ерекше жандар бар екенін түсіндіру қажет.

Бес жыл бұрын қалалық деңгейде басталған шараға бұл жолы 4 өңірдің өрендері қатысты. «Күн барлығына нұрын төгеді» жобасы 64 ерекше жасөспрімнің жаңа қырынан танылуына мүмкіндік берді. Бірінің салған суреті, енді бірінің қолөнер бұйымы көрмеге қойылды.

Дархан Әжмолдаев, «Abaqus-Daryn» Білім қорының жетекшісі:

- Біздің бұл іс шарамыздың мақсаты – бүкіл халыққа осындай аутизмі бар және басқа диагнозы бар ерекше балаларды дамыту, елге көрсету. Бұл балалардың да өнері бар екенін, бұл балалар да халыққа, қоғамға қосыла алатынын көрсету.

Ерекше балалардың ата-атаналары іс шараны ұйымдастырған «Нұра» ауданы әкімінің аппараты, «Астана Опера» театры, «Abaqus-Daryn» және «Булат Утемуратов қорына» алғысын айтып, жоба жыл сайын жалғасын тапса деген тілегін жеткізді.

Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Артур Горшников

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz