RU
Толық нұсқаға өту

Аутизмі бар балалар саны үш есе өсті

02.04.2026, 17:30 43

Соңғы бес жылда елде аутизмі бар балалар саны үш есе артты. Қазақстанда 13 мыңдай бала осы диагнозбен тіркеуде тұр.

Аутизм спектрінің бұзылыстары бар азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Олар инклюзивті білім беру жүйесімен орта мектепке барып, қарапайым балалармен бірге білім алады. Түрлі секцияларға қатысып, өз қызығушылығына қарай дағдыларды меңгереді. Бірақ ата-аналар ерекше балаларының жоғары білім алып, жұмысқа орналасуына тең жағдай жасалмағаны алаңдатып отыр. Бұдан бөлек, осындай балаларды оқытатын маман тапшылығы да туындап отыр.

15 жасар Ахмет екі жылдан бері футбол ойнайды. Аутизм диагнозына қарамастан, бала жаттығуларға қуана-қуана келеді. Анасының айтуынша, басында қиын болғанымен бала уақыт өте келе ортаға бейімделді.

Баян Буюр, Астана қаласының тұрғыны, аутизмі бар баланың анасы:

- Ахметке А типті аутизм диагнозы қойылған. Футбол ойнау басында қиын болды. Ахмет тіпті қай қақпаға доп соғу керектігін білмейтін. Басқа балалармен тіл табысу да оңай болады. Бірақ кейін бәрін үйренді. Аяқ-қолының бұлшықеттері қатайып, иммунитеті көтерілді. Балам командамен бірге Қарағанды, Алматы қалаларындағы турнирлерге қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп келеді.

Ерекше балалар үшін ерекше ережелер жасалған. Бұл командалық ойында сары және қызыл карточкалар жоқ. Дәстүрлі футболдағы овсайд ұғымы да қолданылмайды. Балалар допты аяқпен де, қолмен де ойынға енгізе алады. Бұдан бөлек, қазір Қазақстан футбол федерациясы мен Болашақ қоры жаттықтырушыларға арналған әдістемелік дайындап жатыр. Онда аутизм және даун синдромы бар балалармен қалай жұмыс істеу керектігі толық жазылады. Бүгінде республика бойынша 100-ден астам ерекше бала футбол секциясына қасытады.

Шыңғыс Темерханов, UNI Football League басшысы:

- UNI Football League жобасы 2,5 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл аутизм және даун синдромы бар балаларға арналған секциялар. Жоба Қазақстанның 9 қаласында бар. Былтыр біз бірінші республикалық турнир ұйымдастырдық. Оған 10 команда қатысты. Жалпы бұл жобаға күмәнмен қарағандар көп болды. Себебі аутистер мен даун синдромы бар балаларға топ болып ойнау қиын. Бірақ біз тәуекелл етіп бастап көрдік және нәтиже жақсы. Балалар командада ойнап үйренді. Мұндай балалар үшін әлеуметтік ортаға бейімделу маңызды. Себебі кейбір ойыншылар үшін футбол жалғыз секция. Олар басқа еш жерге бармайды және қатыспайды.

Мұндай балалардың жұмысқа орналасуына қатысты сұрақ көп, - дейді ата-аналар. Мәселен, біздің кейіпкеріміз аутизм диагнозымен тек 9-сыныпқа дейін оқи алады.

Баян Буюр, Астана қаласының тұрғыны, аутизмі бар баланың анасы:

- Тек 9-сыныпқа дейін. Мысалы, біз 9 сыныптан кейін қайда бару керектігін білмейміз. Колледждер аз, біздің балаларымызды ешкім алмайды. Менің балам қазір оқу-өндірістік комбинатта кондитер-аспаз мамандығын үйреніп жүр. Осы мамандықта білім алуды одан әрі жалғастырғымыз келеді.  Балам футболдан бөлек, тамақ дайындағанды қатты ұнатады. Бірақ көп жерде мұндай балаларды жұмысқа қабылданбайды дейді.

Инклюзивті білім беру бойынша мемлекет тарапынан көп жұмыс жүргізіліп жатыр. Нормативтік актілер қабылданып, ерекше қажетілігі бар адамдарға инфраструктура жасалуда,  коррекция кабинеттерін ашу да қарқын алды. Дегенмен аутизмі бар балалар саны жыл сайын көбейіп келеді. Бұл арнайы педагогтарға деген сұранысты арттыпрып отыр.

Бибігуль Дүйсенбаева, ЕҰУ Жоғары білім мектебі директорының орынбасары, инклюзия бойынша PHD докторы:

- Арнайы педагог дайындау керек. Аутист балалармен жұмыс істейтін әдістер бойынша қосымша үйренуге тиіс деп ойлаймын. Екіншіден, көп әдістер білу керек. Тек АВС терапия балалармен жұмыс істеуде. Үшіншіден, арнайы инклюзивті білім беру бойынша ғылыми жұмыстар болу керек деп ойлаймын. Мұғалімдерді дайындап жатырмыз, бірақ бізде арнайы педагог мамандығы өте аз болып тұр. Мысалы, Қазақтан бойынша көп ЖОО-да білім береді. Бірақ оған қарамай, балалардың саны көбейіп жатқаннан кейін біздің мұғалімдер жетпей жатыр.

Аутистік спектр және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларды қолдау мәселесі мәжілісте де бірнеше рет көтерілді. Мәселен, депутат Ажар Сагандыкованың айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылысы бар балалар саны үш есе өсті. Бірақ ерте диганостика мен аутизмі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесі әлі де өзекті. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ғалымжан Абдылахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz