RU
Толық нұсқаға өту

Ескірген жеделсаты елге үрей

02.04.2026, 19:30 42

Елде тозығы жеткен лифті көп. «Лифт компаниялары» қауымдастығының дерегінше, 7 мыңдай жеделсатының орнатылғанына ширек ғасырдан асқан.

Сондай-ақ істен шыққан, халықаралық талаптарға сай келмейтіндері тағы бар. Ескірген жеделсаты елге үрей болып тұр.   

Мамандар жеделсатысы шатқаяқтап тұрған бірнеше шаһарды атады. Павлодар, Өскемен, Қарағанды мен Ақтөбе қалаларындағы тұрғын үйлердің лифтері тозып тұр. Тіпті Керекудегі жеделсатылардың көнергені сонша, тұрғындарға қауіпті, - дейді мамандар

7 мыңдай лифт 25 жыл қолданыста

Павлодар,

Өскемен,

Қарағанды

Ақтөбе лифтері тозып тұр

Ержан Игібаев, Қазақстан ұлттық лифтшілер қауымдастығының президенті:

- Бүгінде лифт саласының проблемасы елімізде өте өзекті. Айталық, Павлодарда қолдану мерзім аяқталған лифттер өте көп. 25 жылдан астам қолданыстағы жеделсатылар қазір қорқынышты күйде. Жергілікті биліктің бұған неге көңіл бөлмей отырғаны түсініксіз.  

Ал Қарағанды облысында 600-ден астам лифтінің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Тек облыс орталығында жүздеген үй жарты ғасыр бұрын орнатылған жеделсатыларды пайдаланып келеді. Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында бар болғаны 25 лифтті ауыстыру жоспарланған. Бұған қоса жұмыс істеп тұрса да, жарамдылық мерзімі баяғыда өтіп кеткен 400-ден астам лифтіні ауыстыру қажет. Олардың басым бөлігі тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр.

Қарағанды облысында 600-ден астам лифт тозған

Облыс орталығында - 150 лифт 50 жыл бұрын орнатылған

25 лифтті ауыстыру жоспарланған

400-ден астам лифтіні ауыстыру қажет

Алексей Коровиков, қала тұрғыны:

- Менің жасым 74-те, баспалдақпен көтерілу өте қиын. Сегізінші қабатта кішкентай балалары бар адамдар тұрады. Оларды күн сайын арқалап жүреді. Біз жеделсатыны ауыстыруға өтініш жазғанбыз. Биыл жаңалап береміз деген. Бірақ нақты қай кезде екені белгісіз.

Ал Шымкентте 27 ескі лифт жаңасына ауыстырылып жатыр. Мұнда біраз көпқабатты үйдегі жеделсатысының техникалық жағдайы мәз емес. Жиі істен шығады. Мұны тексеріс жүргізген жауапты мекеме мамандары анықтады. Нәтижесінде пайдалану мерзімі өткен жеделсатыларды кезең-кезеңмен ауыстыру үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы тиімді шарт ұсынды.      

Айжан Есебаева, қала тұрғыны:

- Күнде істен шығатын. Қорқатынбыз, ішінде тұрып қалатынбыз. Механиктер шақырамыз, келіп жөндейді. Бірақ артынан қайтадан бұзылып, сынып қалатын.

Елде 2024 жылы республикалық бюджет қаржысына 234 лифт күрделі жөндеуден өтті. Оның ішінде 8 лифт жаңасына  ауыстырылды. Ал 2025 жылға жергілікті атқарушы органдарға 248 лифт ауыстыру туралы өтінім түсіп жаңаланды. Қазір жарамдылық мерзімінен 2-3 есе асыра пайдаланылған лифтілердің біразы тоқтатылды.

Ержан Игібаев, Қазақстан ұлттық лифтшілер қауымдастығының президенті:

- Тұрғындар лифтті ауыстыру үшін мемлекеттен бірнеше жылға несие ала алады. Ол үшін мүлік иелерінің бірлестігімен бірге әкімшілікке барып, лифттің 25 жыл бұрын орнатылғанын дәлелдейтін құжаттарды ұсынуы керек. Несие мақұлданса, әр үй ай сайын шамамен 2 не 3 мың теңге  төлеп отырады.

Талапқа сай келмейтін лифттер басқа емес, бас қаланың өзінде де көп. Өткен жылы Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде жасөспірім қыз мінген жеделсаты 9-қабаттан құлағаны белгілі. Абырой болғанда қыз аман қалды. Бірнеше ай бұрын Астанадағы  көпқабатты үйде лифт құлап бір жұмысшы мерт болғаны тағы бар. Жалпы елде 35 мыңға жуық жеделсаты бар, олардың әр жетіншісі ауыстыруды талап етеді. Сақтықта қорлық жоқ, лифтке жауапты компания ай сайын жеделсатының техникалық жағдайын тексеріп отыруға міндетті, - дейді мамандар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz