Ақмола облысында ұзындығы 12 шақырым болатын 34 жол учаскесін су басу қаупі бар. Қазір жолға жауапты мекеме алдын алу жұмысын күшейтті.
Су өткізетін құбырларды қар мен қоқыстан тазартып, қиыршық тас төсеп жатыр. Бұл тасқын қаупін қаншалықты сейілтеді?
Көкшетау мен Атбасардың арасындағы автожолда 74 су өткізетін құбыр бар. Соның бесеуі қауіпті аумақта тұр. Қазір жолға жауапты мамандар негізгі күшті осындай жерлерге жұмылдыруда.
Айдабол ауылы маңындағы су өткізу құбыры осы. Еріген қар осы жерден Жабай өзеніне құяды. Қазір құбырдағы қар толық тазартылып, жағасы қаптармен нығайтылған.Мамандар наурыз айынан бері барлық құбырды қардан тазартты. Енді жағасына құм төгіп, бөгеттерді бекітіп жатыр.
Жақсылық Ахметқалым, Жол мекемесінің бас инженері:
- Бүкіл құбырлар тазаланды. Онға жуық техника жұмылдырылды. 20 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Иннертті материалдар жеткілікті.
Өңірде күн жылығанымен қар көбесі әлі сөгіле қоймады. Сондықтан арқаны кеңге салуға ертерек,-дейді жауаптылар. Олар қауіпті учаскелерді бақылауда ұстап отырады.
Шәмшіхан Ахметжанов, Жол мекемесінің қызметкері:
- Көктем жақындаған сайын қауіпсіздік шараларын күшейтеміз. Қауіпті учаскелерге арнайы жол белгілерін орнатамыз. Алқаптардағы еріген қар суының деңгейін де қадағалап отырымыз. Әзірге жағдай тұрақты.
Облыс аумағындағы тасжолдарда мыңнан астам су өткізетін құбыр бар. Нысандарды кезең кезеңмен жаңартып тұрамыз, - дейді мамандар. Соңғы 3 жылда 40 құбыр күрделі жөндеуден өткен. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады.
Рүстем Әбілов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалы директорының орынбасары:
- 2026-2027 жылғы жоспар бойынша 38 су өткізу құбырын қалыпқа келтіруді көздеп отырмыз. Әсіресе тасқын қаупі жоғары жол учаскелеріне ерекше басымдық беріледі. Бұдан бөлек, төрт көпірді жөндейміз. Жол бойындағы барлық нысан – көпірлер мен су өткізу жүйелері тұрақты бақылауда.
Бұған дейін өңірде бірнеше елдімекеннің жолын су шайып кеткен еді. Қазір ауылдардағы жағдай тұрақталып, қираған жолдар қалыпқа келтіріліп жатыр. Жалпы жолдағы жағдайды қадағалау үшін 800-ге жуық адам мен 491 арнайы техника жұмылдырылды.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Көкшетау #Атбасар #су тасқыныPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz