RU
Толық нұсқаға өту

Оралда жаңа көпiрдiң құрылысы басталды

03.04.2026, 21:23 40

Орал қаласында кейінгі жылдардағы ең ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың бірі бастау алды. 

«Ақжайық» шағын ауданында Шаған өзені арқылы өтетін жаңа көпір мен автожол құрылысына орай, салтанатты түрде капсула салу рәсімі өтті. Жоба аясында салынатын жаңа магистраль қарқынды дамып келе жатқан шағын ауданды, қаланың негізгі бөлігімен тікелей байланыстырып, көлік қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. 

Ақжайық шағын ауданына дейін жаңа көпір салу мәселесі бірнеше жылдан бері айтылып жүрсе де, бұл жоба ұзақ уақыт бойы нақты шешімін таппай, кейінге шегеріліп келген еді. Осы аралықта қаладағы көлік қозғалысы айтарлықтай артып, әсіресе «Динамо» өткеліне түсетін жүктеме күрт көбейді. Дәл қазір Зашаған кентінің 80 мыңнан астам тұрғыны бар болса, болашақта салынып жатқан Ақжайық шағын ауданы да осындай көлемдегі халықты қабылдайды деп күтіледі.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Осы Шаған өзені арқылы көпірдің қажеттілігін ескеріп, құрылысты бүгін міне бастағалы отырмыз. Бұл жерде 4 жолақты көпір болады. Ұзындығы 4 шақырым. Осы көпірді салып болғаннан кейін мына Ақжайық ауданына қала арқылы тікелей қатынайтын мүмкіндік туады.

Орал қаласында жаңа магистраль құрылысы көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Жоба жүзеге асқан жағдайда бұл жол қаланың негізгі көлік артериясына айналады. Зашаған бағытындағы автожолдардың жүктемесін айтарлықтай жеңілдетіп, жаңа шағын аудандарды қаланың негізгі көшелерімен және республикалық маңызы бар бағыттармен тікелей байланыстырады.

Андрей Чжен, «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарушы директоры:

- Көпірдің ұзындығы 220 метр. Тәулігіне 40 мың автомобильдің өткізу қабілетін қамтамасыз етеді. Жолдың осы учаскесі мен көпір өткелі жыл бойы тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда Ақжайық шағын ауданында үш мыңнан астам адам тұрып жатыр. Жоспарға сәйкес мұнда ондаған көпқабатты тұрғын үйлер салынып, халық саны едәуір артады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар көпсалалы аурухана, жаңа стадион, заманауи теннис орталығы, бірнеше мектеп пен балабақша секілді шамамен 60-қа жуық әлеуметтік нысан бой көтермек. 

Авторлары: Серік-Ибраһим Орынбек, Болат Жарылғасов, Эльдар Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz