Алматы көктемі ерекше. Әсіресе өрік пен магнолия гүлдегенде қала көркі таңдай қақтырады.
Қазір запырна гүлдің алуан түрі бүр жарып, шаһар мен тау бөктерін құлпыртып тұр. Бұл ғажап көрініс екі аптаға ғана созылады. Сондықтан тұрғындар осы бір әдемі сәттің фотосуреттері мен бейнетүсірілімін әлеуметтік желіде жариялап жатыр.
Алматының ботаникалық бағында магнолияның 20-ға жуық түрі бар. Сирек кездесетін бұл ағаш алдымен гүлдейді. Содан кейін барып жапырақ жаяды. Ерекшелігі осында. Жанар Төлегенова Көкшетаудың тұрғыны. Таныстарынан магнолияның гүлдегенін естіп, баққа арнайы келген.
Жанар Төлегенова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Магнолияны алғаш рет көріп тұрмын. Керемет ғажайып гүл екен. Ағаш екен. Ақ-қызыл бірнеше түрі бар.
Марат ақсақал Алматыда 1959 жылдан бері тұрады. Қазір жасы 83-те. Алматының көктемін ерекше жақсы көреді. «Әсіресе ағаштар гүлдегенде айнала ертегі әлеміне айналады. Жас кезімізде алма мен өрікті көшеден үзіп алып жейтін едік. Осы маңда көп ағаш болатын. Міне, бүгін сол баққа айналған», - дейді.
Марат Әубәкіров, қала тұрғыны:
- Апа екеуіміз магнолияның қалай гүлдеп жатқанын көрейін деп әдейі келдік. Ботаникалық баққа студент кезімде келіп жүрдім ғой. Ол кезде мұндай емес, кішкентай еді. Қазір орман болып кетті. Нағыз алматылықтар демалатын жер.
Дендролог Владимир Эпиктетовтың айтуынша, ең алдымен жұлдызша магнолия гүлдейді. Ағаштар осыдан бес жыл бұрын Германияның тәлімбағынан әкелінген. Біздің климатқа жақсы бейімделіп кетті. Тамыр жайған сайын гүлінің түсі қанық бола бастайды. Биыл әдеттегіден бір аптадай ертерек қауыз жарған.
Владимир Эпиктетов, Ботаника және фитоинтродукция институтының аға ғылыми қызметкері:
- Ауа райына байланысты кейде ерте, кейде кеш гүлдейді. Жалпы гүлдеу уақыты сәуір айының басы. Гүлдері үлкен. Көз тартады. Айналадағы өсімдіктер әлі толық оянбай, жапырақтары енді ғана ашылып жатқанда мұнда қазірдің өзінде жаппай гүлдеуі басталып кетеді. Алайда бір, бір жарым апта ғана тұрады. Күн ысып кетсе, тез солады, ал салқындау болса, біраз уақыт тұрады.
Ал өрік ағашы биыл аз гүлдеді. Оған қыстың жылы болуы әсер етуі мүмкін. Бағбандар өрік төрт жылда бір рет мол өнім беретіндігін айтады. Десе де жеміссіз болмаймыз.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- Алматыға көктем өрік пен алша гүлдегенде келеді. Өзгелері әлі жапырақ жая қоймаған кезде ол ағаштар ақ-қызғылт түске боялып, айналаға ерекше көрік береді. Бұл әдемілік санаулы күнге ғана созылады. Жапонияда сакураның гүлдеуін тұрғындар да, туристер де асыға күтеді. Сол кезеңді «ханами» дейді. Алматылықтар үшін де жеміс ағаштарының гүлдеу мерзімі сол сияқты ғажап сәт.
Көктемнің алғашқы жаршыларының бірі – запырангүл. Қазір ақ, сары, күлгін-көк түсті гүлдер көздің жауын алады. Тереңқұр мен Есентай өзенінің бойындағы жаяу жүргіншілер жүретін жол бойында жайқала өскен. Алматылықтар бұл жерге суретке түсіп, көктемгі табиғатты тамашалау үшін арнайы келеді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев, Әбен Нарымбаев
Тегтер #Алматы #магнолия #өрік #көктемPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz