RU
Толық нұсқаға өту

Асқазан дерті «жасарып» барады

04.04.2026, 08:30 43

Қазақстанда ас қорыту жүйесі ауруларына шалдыққан балалар саны күрт өскен.

Бұрын «ересектерге тән» саналған гастрит, панкреатит және басқа да дерттер бүгінде мектеп оқушыларында жиі анықталады. Бұл мәселе Шымкентте өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда талқыланды. Мамандардың айтуынша, кейінгі бірнеше жылда көрсеткіштер шамамен үш есеге артып отыр. Асқазан-ішек жолы аурулары неге «жасарып» барады? Ата-аналар қандай дабыл белгілеріне жете мән бермейді? Бұл үрдісті тоқтатуға бола ма?

8 жастағы Інжу кішкентайынан ерекше тамақтану тәртібімен өмір сүреді. Науқас қызда целиакия ауруы бар. Бұл – ағзаның глютенді көтере алмайтын дерт. Қазір оның күнделікті рационы дәрігерлердің бақылауымен қатаң белгіленген.

Гүлнұр Сапарова, Інжудің анасы:

- Бізде ішек құрт бар. 3 ай сайын тазалап тұрамыз. Осы апай гостроэнтолог рұқсат берсе тазалатамын. Рұқсат бермесе тазалатпаймын, кейде дәрімен емдейміз. Үйде қадағалаймыз. Бидай ұнын жеуге болмайды, өзіміз жүгеріден жасалған ұн жейміз.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайлар бүгінде көбейіп кеткен. Кей балаларда ауру туа біткен ерекшеліктерге байланысты болса, көпшілігінде күнделікті дұрыс тамақтанбаудан туындайды. Көшеде дайындалатын құрғақ тіскебасарлар, тәттіні шамадан тыс тұтыну және күн тәртібінің болмауы – негізгі себептердің бірі.

Анаргүл Әбдіраманова, Түркістан облыстық Балалар ауруханасының гастроэнтерологы:

- Қазіргі таңда ас қорыту жүйесі ауруларымен өте көп балалар қаралуда. Оның өзіне дәлел біздің аурухананы алған күннің өзінде соңғы 10 жылда 1 гостроэнтолог 2-ақ сағатқа отыратынбыз. Қазір 2 маман күніне 20-30 бала қабылдаймыз. Бір айда екеуміз отырып 800-1000 балаға дейін қараймыз.

Балалардағы асқазан-ішек жолы аурулары мәселесі Шымкентте өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда талқылануда. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған гастроэнтеролог, хирург, педиатрлар мен ғалымдар тиімді емдеу тәсілдерін жетілдіріп, алдын алу шараларын күшейтуді көздейді.

Әсем Құрманғалиева, Түркістан облысының бас гастроэнтерологы:

- Соңғы жылдары гастроэнтеролгиялық потологиялар немесе ас қорыту жүйесінің потологиялары: топ-5 деп айтамыз ғой, сол науқастардың тізіміне кіреді. Өйткені біздің өңір созылмалы вирустық гепатит Б және дельта бойынша эпидемиологиялық аймақ болып табылады. Соның әсерінен бауыр жетіспеушілігі, бауыр циррозының дамуы өте үлкен. Науқастар саны және ішектің қабыну аурулары жыл сайын көбеюде.

Айнұр Досжан, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ терапия бөлімінің басшысы:

- Біз әрдайым айтамыз: иммунитеттің негізі – ішекте. Сондықтан ең алдымен не жейтінімізге мән беруіміз керек. Дұрыс тамақтану қағидаларын сақтау, көкөніс пен талшыққа бай тағамдарды көбейту және балалардың фастфуд тұтынуын шектеу маңызды.

Мамандардың айтуынша, көптеген аурудың алдын алуға болады. Ол үшін қарапайым, бірақ маңызды қағидаларды сақтау қажет: ыстық тағам ішу, күн тәртібін қалыптастыру, фастфудты азайту және дәрігерге уақытылы қаралу. Дұрыс тамақтану әдетін бала кезден қалыптастыру керек. Бұл жерде жауапкершілік тек дәрігерлерге ғана емес, ең алдымен ата-аналарға жүктеледі.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz