RU
Толық нұсқаға өту

Қарағандылық оқушылар экология мәселесін шешуге ынталы

04.04.2026, 09:20 44

Қарағанды облысының оқушылары өңірдегі экологиялық мәселелердің нақты шешімдерін ұсынды.

Олар өз жұмыстарын «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен «Үздік экологиялық білім беру жобасы-2026» облыстық байқауының финалында таныстырды. Іріктеу кезеңіндегі 79 өтінімнің ішінен қалдықтарды қайта өңдеу, баламалы энергетика және smart-технологиялар саласындағы 12 үздік жоба финалға өтті. 

Ерекше жобалардың бірін-Қарағанды қаласындағы Нұркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары дайындаған. Олар пластикті ұсақтайтын велошредер ойлап тапқан. Бұл жаттығу құралы ғана емес қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға көмектесетін экологиялық құрал. Ешқандай электр энергиясын қажет етпейді. Аулаға, басқа да жерлерге қоюға болады. Қазірдің өзінде қаладағы кәсіпорындар велошредерді алып орнатуға қызығушылық танытып отыр.

Әділжан Серіков, Н. Әбдіров атындағы орта мектеп оқушысы:

- Велошредерді тоқ қамтамасыз етпейді. Ол физикалық күш, яғни бала отырып «педальды» бұрағаннан кейін ол пластикті үгітіп береді.

Байқауға өңірдің түкпір-түкпірінен келген жас өнертапқыштар қатысты. 79 өтінімнің ішінен 12 үздік жоба ақтық сынға өтті. Ұсынылған идеялар қатарында пластикті дернәсілдер арқылы қайта өңдеу, биологиялық ыдырату технологиясы, жаяу жүргіншілердің басып жүруінің арқасында қуат жинап, электр энергиясын бөлетін плиткалар және мобильді күн станциялары бар. Ең үздік жобаларды қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.

Ренат Алманов, Қазылар алқасының мүшесі:

- Әлемдік нарықта мұндай өнертабыс жобалары өте қымбат тұрады. Ал оны өз оқушыларымыз жасап жатыр. Бұл бізді қуантады. Жас ұрпақты осылайша ынталандырып, жастайынан тәрбиелеудің келешекте ел экономикасына және экологиясына берер пайдасы мол деп білемін.  

Байқау жеңімпаздары «Balkash Tour Fest - 2026» фестиваліне қатысып, өз жобаларын туристер мен инвесторлардың назарына ұсына алады. Онда макеттер емес, мектеп жобалары негізінде жасалған нақты құрылғылар көрсетіледі.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz