RU
Толық нұсқаға өту

Петропавлда қыстан кейін жолдардың жағдайы күрт нашарлап кетті

04.04.2026, 17:00 27

Қар еріп, асфальт ойылып, қала көшелері жүргізушілер үшін нағыз сынақ алаңына айналған.

Көлік иелері шұңқырлардың көбейіп, жол жүрудің қиындағанын айтып шағымдануда. Биыл облыс орталығында қанша шақырым жол жөнделеді? Жергілікті билік өкілдері көктем сайын айта-айта жауыр болған мәселені қалай шешпек? 

Петропавлдағы жолдардың жалпы ұзындығы 366 шақырым. Көшелер жыл сайын жөнделіп, асфальтталса да сапасы сын көтермейді. Оны жүргізушілер де айтып отыр.

Салтанат Сәрсенбаев, қала тұрғыны:

- Қар еріп, жолдар ойылып қалды. Жылда жөндейді. Бірақ баяғы жартас – сол жартас. Өзім техникалық қызмет көрсету станциясында көліктің жүріс бөлігін істеймін. Қазір келіп жатқан жүргізушілер өте көп.

Қалалық әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, биыл қалалық жолдардың 22 шақырымын жөндеу жоспарланып отыр. Бірақ оған әзірге қаржы бөленбеген. Сол себепті жұмыс әлі басталған жоқ.

Бердімұрат Баймұқан, қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Сондай-ақ 29 көшеге қатысты жобалалар дайындалып, 26 шақырымнан астам қара жолды асфальттау көзделіп отыр. Бұған қоса бұрын жөнделген жол учаскілерінде анықталған ақаулар мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелері аясында жойылатын болады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл Петропавлдың орталық ауданы. Қала бойынша әлі күнге дейін асфальт көрмеген көшелер аз емес. Олардың жалпы ұзындығы 144 шақырым.

Жергілікті атқарушы билік бұл мәселені кезең-кезеңмен шешуді көздеп отыр. Олардың айтуынша, қала жолдары 2030 жылға дейін толық асфальтталады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz