RU
Толық нұсқаға өту

Қант қызылшасы толық өңделеді

05.04.2026, 11:25 63

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріліп отыр. Алдағы екі жылда өңір шаруалары 12 мың гектар суармалы жерге қант қызылшасының жаңа тұқымын екпек. 

Заманауи су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы өнімділікті үш есеге дейін арттырып, дайын өнімді терең өңдеу қолға алынып отыр. Бұл туралы агроөнеркәсіп саласын дамытуға арналған ғылыми конференцияда айтылды.

Ордабасы ауданында тәулігіне 4 мың тонна қант қызылшасын терең өңдеп, рафинадтық қант шығару жобасы қолға алынып жатыр. Ол үшін алдағы 2 жылда қызылшаны терең өңдейтін зауыт салынбақ. Ал оны шикізатпен қамту үшін шаруаларға 12 мың гектар суармалы жер қарастырылған. Мамандар сапалы тұқымға мән беріп, қызылшаның Франциялық сұрпына тоқталғандарын айтты.

Қанат Сарбасов, жоба жетекшісі:

- Оның мүмкіндігі бір тұқымды алатын болсақ,17 пайызға дейін қант береді. Сонда 1 тонна қызылшаны өңдеген кезде 170 келі өнім шығады. Егер жүйек түрінде арықпен суғаратын болса, онда 1 гектардан 80-90 тонна алынады. Ал енді тамшылатып суғартатын болсақ, 120 тоннаға дейін өнім береді.

Жиынға қатысқан сарапшылар осы жоба арқылы жылына 720 мың тонна қант қызылшасын өндіріп, одан 114 мың тонна рафинадталған қант алуға болатынын атап өтті. Түпкі мақсат – өңірде қант қызылшасын терең өңдеуді жолға қою. «Сол арқылы сырттан келетін өнімге тәуелділікті азайту», - дейді. Қызылша өсірушілерге мемлекетен қолдау болады. Бұрын қызылша өсірумен айналысқан Ермекбай Сәтенов жаңа жобаның тиімді тұстарына тоқталды.

Ермекбай Сәтенов, шаруа қожалығының басшысы:

- Мен өзім 30 гектар жерге еккенмін. Ол кезде біз Тараз қаласына таситынбыз. Өкінішке қарай еккен өніміміздің 50 пайызын қабылдады да, қалғанын толып қалды деп қабылдамай қойды. Рәсуа болды шынын айтқанда. Ал енді біздің өзімізде зауыт ашылып жатса, франциялық ұрықтарды әкелетін болса, оның өнімділігі 1200-1300 центнер болатын болса, 25 пайызын үкімет субцидиялайды екен. Қабылдап жатқан зауыттан әр келісіне 15 пайыз төленеді екен. Одан артық не керек?

Нұрлан Ыстай, диқан:

- 2,5 пайызбен «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қызылша еккендерге несие береді екен. Олда шаруаларға көп көмек болайын деп тұр. Осының өнімділігі артып, халықтың, диқандардың жаздай еткен еңбегі ақталып жатса құба-құп болар еді.

Сондай-ақ тұқым мен тыңайтқыш сатып алуға кететін шығынның 35-40 пайызын үкімет субсидиялап бермек. Мамандар болашақта тұқымды сырттан сатып алмас үшін 20 гектар жерге тұқым өндіретін ғылыми зертхана салуды да жоспарлап қойған. Алдағы уақытқа бұл салаға заманауи агротехнологиялармен қатар ғылыми жобаларды да көптеп енгізу көзделіп отыр. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz