RU
Толық нұсқаға өту

Жезқазғанда апатты үйлер жаңғыртылады

05.04.2026, 14:45 44

Жезқазғанда бірнеше апатты үй сүріліп, орнына жаңасы салынады. Реновация бағдарламасымен өңірге алғаш рет инвестор тартылды. 

«Облыстағы шағын қалаларда да тұрғын үй қоры жаңғыртылады» дейді жобаны үйлестірушілер. Жалпы өңірде жүзден астам апатты үй бар. Реновация бағдарламасы бойынша ескі баспана иесіне аумағы дәл сондай жаңа пәтер беріледі.

Қаладағы апатты үйлердің көбі орталықта тұр. Мысалы, Абай көшесіндегі мына баспанада адамдар әлі тұрып жатыр. Қирағалы тұрған ағаш үйлер 70 жыл бұрын құрылысшылар үшін уақытша баспана ретінде салынған. Жақында бұл үйлер сүріліп, орнына көпқабатты тұрғын үй салынады.

Олег Прудковский, қала тұрғыны:
- Біз инвесторлармен және бағдарлама жетекшілерімен үшжақты келісім жасадық. Шарттары біз үшін өте тиімді. Ескі пәтердің орнына дәл сондай көлемде жаңа баспана береді.

Инвесторлар жаңа тұрғын үйді бір жарым жылдың ішінде тапсырамыз деп отыр. Үй қолданысқа берілгенше уақытша баспанаға көшкен тұрғындарға коммуналдық шығынды өтеуге қаржылай көмек береді.

Бауыржан Құлжанов, құрылыс компаниясының бас директоры:
- Бұзу жұмыстарын жүргізу үшін акт қажет. Одан кейін бұл жерде желілер бар. Барлық жер асты желілерін босату қажетү. Оған дейін 2-3 ай уақыт кетуі мүмкін. Содан кейін біз құрылысқа рұқсат ала бастаймыз. 18 айға келісім-шартқа отырып жатырмыз.

Қалада тұрғын үй қорының үштен бірі тозған. Жалпы облыс бойынша реновация бағдарламасымен 120 үй  жаңғыртылады. Дәл осындай жұмыстар Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жәйрем кентінде басталады. Бағдарламаны жергілікті жерде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы үйлестіреді.

Нұрлан Садыбеков, «Ұлытау» ӘКК Төрағасы:
- Реновация бағдарламасын алдағы бір айдың ішінде Сәтбаев қаласында да бастаймыз. Ол жаққа үй салуға Қытайлық инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Тұрғындармен алдын ала кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Жаңа пәтерден бас тартқан тұрғындарға өзара келісіп, тиісті өтемақы беріледі.

Реновация бойынша сүрілген ескі үйлердің инженерлік желілерін қайта жүргізуге жергілікті әкімдік көмек береді. «Бұл инвесторларды тартуға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz