Былтыр Батыс Қазақстан облысындағы ақбөкен саны 108 мың 458 басқа азайған.
Дала жануарының популяциясын реттеу шаралары аясында 42 мың бас киік түнде мылтықпен атып алынса, 66 мың бас бөкен тор құру арқылы ауланыпты. Киік етін қабылдайтын 15 кәсіпорын бар. Әр ауланған киік үшін аңшыларға 5 мың теңгеге дейін төленсе, ішек-қарны алынған киік төшкесінің келісі мал сою орындарына 500 теңгеден тапсырылған. Олар өз кезегінде етті халыққа 1600 теңгеден сатқан. «Охотзоопром» мекемесі 91 мың 800 дана киік мүйізін таңбалап-құжаттап, Алматыға арнайы қоймаға жіберген. «Биыл жиналған мүйіз экспортқа шығарылуы мүмкін», - дейді мамандар. Дегенмен дала жануарының санын азайту мәселесі тұрғындардың көңілінен шықпай тұр. Ғалымдар өткен жылы өңірде 460 мың бас киік аулауға лимит берсе, соның тек ширегі ғана орындалған.
Қайрат Қадешев, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының орынбасары:
- Былтырғы санақ нәтижесі бойынша өңірде 2 млн 300 мың бөкен есептелді. Биылғы көктемгі санақ жоспар бойынша келесі аптада, яғни 12 сәуірде басталады. Өткен жылы киік санын реттеу жұмыстары Үкімет қаулысына сәйкес шілдеде басталды. Ал биыл қаулы әзірге шықпады. Қазір дайындық жүріп жатыр. Былтырғы аңшылар бригадаларымен биыл да келісімге отырамыз.
Тегтер #БҚО #киік #мүйіз #қоймаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz