RU
Толық нұсқаға өту

«Самұрық-Қазына» компаниясы «Мөлдір бұлақ» экологиялық науқанын өткізді

06.04.2026, 19:42 29

«Самұрық-Қазына» компаниясының 2 мыңнан астам қызметкері «Мөлдір бұлақ» экологиялық науқанына қатысты. 

Республика бойынша өтіп жатқан акцияда жұмысшылар тиісті аумақтарды тазарту мен абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ табиғатты аялауға бағытталған өзге де шараларды іске асырды. 

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы науқаннан «Самұрық-Қазына» мен оның «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго» және KEGOC секілді портфельдік компаниялары да қалыс қалған жоқ. Олар «Мөлдір бұлақ» бастамасын қолға алып, экологиялық шараға белсенді қатысты. Мәселен ел бойынша 2 мың жұмысшы атсалысса, бір ғана елордадағы Есіл өзенінің арнасын тазартуға 400-ден астам қызметкер жұмылған. 

Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры:

- Қазақта «Бұлақ көрсең көзін аш» деген жақсы сөз бар. Осының аясында әр қызметкеріміз өздерінің тұратын жерлерінде мөлдір бұлақ су жағаларын тазалауға шықты. 

Компаниялардың қызметкерлері бұлақтарды тазарту мен абаттандыру және жағалаулардың маңын қоқыстан арылту жұмыстарын жүргізді. Ал жалпы жыл басынан бері «Самұрық-Қазына» Қоры республика бойынша 300-ден астам экологиялық науқан мен іс-шара ұйымдастырған. 

Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры:

- Бұл бастама – 2 жыл бұрын Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы бастауымен атқарып жатқан іс-шара. Соның аясында біздің қызметкерлер 2 жыл ішінде 5 миллионнан астам ағаш отырғызды, мыңдаған сенбілік өткізіп, өз жұмыс орындарын таза ұстау мәдениетін енгізді. Әрине бұл бастаманы біз әрі қарай да жалғастырамыз. 

Кейінгі екі жылда «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы 6 миллионға жуық ағаш еккен. «Алайда мұнымен тоқтап қалмаймыз», - дейді Ғибрат Ауғанов. Компания тарапынан жоспарланған жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.

Авторы: Альмира Оразбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz