Атырау облысы, Жылыой ауданындағы Жем өзенінің бойына салынған гидрошлюздың құрылысы аяқталды. Құлсары қаласын тасқын судан қорғау мақсатында бой көтерген гидротехникалық нысанның маңызы зор.
Енді Құрсай каналына жіберілетін су реттеліп отырады. Бұдан бөлек, өзен бойындағы шаруалар да судан таршылық көрмейді.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Бұл нысан Құрсай каналына жіберілетін суды реттеп қана қоймайды. Шағын су қоймасының да қызметін атқарады. Өйткені дәл осы жерге 2500-3000 текше метрдей су жиналады. Одан кейін ол керегінше каналға және Жем өзенінің бойымен жіберіліп отырады.
Қазір мұндағы құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Енді айналасы қоршалып, абаттандырылып жатыр. Оған 20-ға жуық адам мен 5 техника жұмылдырылған. Салынған гидрошлюздің биіктігі 4 метр, ал жалпы ұзындығы 125 метр.
Бақытжан Ғалымжанов, мердігер мекеме өкілі:
- Бес шлюз тұр. Бес шлюздің өзі секундына 5-6 куб метр су жібереді. Бұл жобаның тиімділігі – мына Құлсары қаласында Қамыскөлді сумен қамтамасыз ету. Одан басқа да тағы коммуналдық жұмыстарға, жергілікті шаруашылықтарына сумен қамтамасыз етуге пайдалануға беріледі..
Бұл жобаның өзен бойындағы шаруалар үшін тиімділігі мол. Себебі бұған дейін Жем өзені жаздың ортасында құрғап қалатын. Енді гидрошлюз арқылы керекті су үнемі жіберіліп отырады. Ауданда тасқынға қарсы жұмыстар қарқынды. Жем өзені мен Құрсай каналының 95 шақырымы тереңдетілді. Сондай-ақ қосымша 54 шақырым бөгет салынған. Тағы 14 шақырымы жыл соңына дейін аяқталады.
Ерлан Нұрланов, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары:
- Бүгінгі күні енді жаға бекіту жұмыстарында 50-ге жақын техника, сондай-ақ 150-ге жақын адам жұмылдырылған. Қызмет атқарып жатыр. Биылғы жылы «Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, Атырау облысы көктемгі су тасқынының төмен тәуекел аймағына жатқызылады деп берді. Былтырғы жылмен салыстырғанда судың деңгейі 103 сантиметрге төмен.
Өңірде биылғы көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлінген. Төтенше жағдай бола қалса, 1700-дей адам, 466 техника, 300-ге жуық қайық пен мотопомпа және 3 тікұшақ дайын тұр. Жайық, Жем және Ойыл өзендерін жағалай қоныстанған 51 елді мекен бар. Қауіпті учаскелерге 15 гидрологиялық бекет орнатылды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау облысы #гидротехникалық нысандар #құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz