RU
Толық нұсқаға өту

Елордада «Astana Eurasian Book Fair-2026» көрмесі өтеді

07.04.2026, 14:20 32

Астана әлемдік кітап баспаларын бір арнаға тоғыстырмақ. 22-26 сәуір аралығында елордадағы Президент орталығында IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді.

Бұл Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық іс-шара. Көрмеге 80-ге жуық отандық және шетелдік компания қатысады. 

Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін кітапсүйер қауым асыға күтіп жүр. Биыл оның ауқымы кеңейді. Айрықша іс-шараға әлемнің ондаған елінен 80-ге тарта компания қатыспақ. Оның қатарын алғаш рет Ұлыбритания баспалары толықтырды.

Фарида Тобашалова, «Фолиант» баспасының бас редакторы:

- Биыл жылдағыдай бірнеше елден баспалар қатысқалы отыр. Соның ішінде біздің ТМД елдерінен, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, сондай-ақ Түркия, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен. Бұл жерде атап өтетін жайт Ұлыбритания бізде алғаш рет қатысқалы отыр.

Иә, дәстүрлі көрмені әдеттегідей «Фолиант» баспасы ұйымдастырады. 5 күн айрықша бағдарламаға толы. Көпшілікке жаңа кітаптар таныстырылады. Мәселен, Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды?» романы алғаш рет түпнұсқадан қазақ тіліне аударылып жарық көрді. Оқырман үшін авторлармен кездесу ең әсерлі сәт болмақ.

Нұрсұлтан Сәбитбек, «Фолиант» баспасының жоба жетекшісі:

- Фолиант баспасында негізі белгілі бағытқа шектеліп қалған емес. Қазақ классикасынан бастап, әлемдік озық туындыларының барлығы қазақ тілінде жарық көріп жатыр. Жұмысты жалғастыра береміз.

Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі биыл да Ұлттық кітап күнімен тұспа-тұс келіп тұр. Айтулы шараға 100 мың мың оқырман тартылады. Олар Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздарын марапаттау сәтіне де куә болады. Көпшілік күткен көрме 22 сәуір күні сағат 11:00-де ашылады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Досхан Қораз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz