RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан жаңа туристік маусымға дайын ба?

07.04.2026, 15:30 41

Жазғы демалыс маусымына санаулы апта қалса да, елдегі туристік инфрақұрылымның дайындығына қатысты сұрақ көп.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова Үкіметті көлік логистикасы мен қауіпсіздік мәселесін шұғыл реттеуге шақырды. Оның айтуынша, рейстер кестесі, билет бағасы мен орын саны ашық жарияланбағандықтан, туристер де, туроператорлар да сапарды алдын ала жоспарлай алмай отыр.

Әлемдегі геосаяси шиеленістің самалы туристік салаға да жетті. Таяу шығыстағы тұрақсыздық танымал демалыс орындарының биыл тұралап қалуына әкелуі мүмкін. Депутат Екатерина Смолякованың, айтуынша, сыртқы туризм бәсеңдеген сайын, ішкі бағыттарға салмақ арта түспек. Бұл жай ғана ел ішіндегі демалысқа сұраныстың өсуі емес, бүкіл жүйенің - жол қатынасынан бастап қауіпсіздікке дейін - сынға түсетін сәті.

Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Маусымның басталуына екі-ақ ай қалды. Алайда бүгінгі күнге дейін ішкі туризм бойынша толық әрі нақты ақпарат жоқ. Әуе және теміржол тасымалдарына қатысты рейстердің кестесі, билет бағасы, орын саны, қасымша маршруттар туралы мәліметтер уақытылы жарияланбай отыр. Бұл жағдай туристік бизнестің жағдайын айтарлықтай қиындатады.

Саланы сынға алған депутат туристік инфрақұрылымды шұғыл тексеріп, жазға дейін барлық олқылықты жоюға шақырды. Ал оның партияласы Айдарбек Қожаназаров шетелде демалуға кетіп жатқан қыруар қаржыны есепке алды.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мысалы, қазақстандықтар шетелде демалу мақсатында шамамен 4 млрд доллардан астам қаражат жұмсайды. Біз басқа бір елдің экономикасын осындай қаражатты дамытып жатырмыз. Әлемдегі түрлі саяси және экономикалық құбылыстарды ескере отырып, осы қаражатты ішкі туризмді дамытуға бағыттасақ, көптеген мәселенің шешілуіне мүмкіндік туар деп ойлаймыз. Біз дайынбыз ба? Қонақ үйлер дайын ба? Демалыс орындары талапқа сай ма?

Бейінді министрлікке бізде осы сұрақтарды қойдық. Жауаптылар туристік нысандардың жай-күйін тексергенін айтып, дүрлігуге себеп жоқ деп сендірді.

Айдын Қапашев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:

- Қазіргі таңда дайындық жүріп жатыр. Мысалы, Қарағанды облысы Балқаш көлі аймағында, Балқаш көлі жағасында қоқыс жәшіктерін орнату, әжетханаларды, құтқару «вышкаларды» орнату, құтқарушылард қою, соған біраз қалалық бюджеттен біраз қаралған. Жетісу облысы Алакөл аумағында да біраз іс шаралар жасалып жатыр.

Ішкі туримзді дамытуға елдің әлеуеті жетеді. «Қазақстандық туризм индустриясы» қауымдастығының төрағасы Мунирам Ахметова осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, демалыс орындары инфрақұрылымын дамытуға күш салынып жатыр. Десе де кейбір танымал бағыттарға апаратын жолдар мен демалыс орындарын қосатын шағын жолдар жөндеуді қажет етеді.

Мунирам Ахметова, «Қазақстандық туризм индустриясы» республикалық қауымдастығының төрағасы:

- Маусымның соңы мен шілде, тамыз айларында Каспий жағалауында демалушылар көп. Бұл кезеңде Ақтау курорттары сұраныста болады. Балқашты да ерекше атап өтуге болады. Бірақ өкінішке қарай ол жаққа рейстер қалай болары әлі белгісіз. Халық көп демалатын жерлердің бірі, әрине, Алакөл. Ол жақтың суы да, қызмет сапасы да жақсы. Бірақ Алматы мен Алакөлдің шығыс жағалуы арасындағы жолдың бір бөлігі бізді алаңдатып отыр.  Екі магистральды қосатын 10 шақырымдай жер ойқыш-ұйқыш болып келеді. Ол жол Жалаңашкөл маңынан өтеді. Сол жерді жөндесе, Алматыдан Алакөлдің шығыс бетіне кедергісіз өту мүмкін болар еді.

Былтыр Қазақстанда туризм саласына 1,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Өсім 32%. Бірақ бұл жеткіліксіз. «Қазақстан туристік маркетингке көптеп қаржы құйса, болашақта туристер ағынын бес есе арттыра алады»,- дейді сарапшы Еркін Тикенов. Оның айтуынша, инвестицияны арттырып, жүйелі үйлестіру жұмыстарын жүргізу нәтиже береді.

Еркін Тікенов, «Kazakh Tourism» ҰК» қоғамдық кеңесінің өкілі, Алматы қаласының қоғамдық кеңесінің сарапшысы:

- Басқа елге барады. Вьетнамға, Таиландқа, басқа Азия елдеріне. Егер сізде ақша көп болмаса, Қазақстанда қалуыңыз мүмкін. Бірақ Қазақстанда бағалар қымбаттап бара жатыр. Осындай диллема болып тұр. Бізде 5 жұлдыздық курорттық аймақтар әлі онша дамымаған. Бірақ өзімізге, жақын жерге баратын адамдарға өзеніміз, көлдеріміз, шатқалымыз дайын тұр. Әрқашан баруға болады.

Жалпы Қазақстанда халық көп баратын 8 курорттық аймақ бар. Олар Жетісу, Абай, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау облыстарында орналасқан. Шығыс Қазақстан облысында да демалыс орындарына қолжетімділікті арттыруға ден қойылған. Туризм индустриясы комитетінің хабарлауынша, Зайсанда салынып жатқан әуежай биыл пайдалануға беріледі.  Бұл Шығысқа баратын туристер санын арттыруға сеп болмақ.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ғалымжан Абдылахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz