Өндірістегі ауыр жарақат, одан соң бірнеше операция, әділдік үшін күрес. Бұл - Қостанай облысының тұрғыны Әділ Көбегеновтің басына түскен бейнет.
Автозауыт жұмысшысын өндіріс алаңында жүк тиегіш техника басып кеткен. Оқыс жағдайдан соң жұмысшы мүгедек арбасына таңылды. Қазір сот арқылы әділдікке қол жеткізуге барын салып жүр.
32 жастағы Әділ Көбегенов қазір балдақпен жүріп-тұрады. Жұмыс орнында алған жарақаты қозғалысын айтарлықтай қиындатты. Ол ел қатарлы еңбекке араласудан қалғанына қынжылады. Тіпті туыстарының көмегіне мұқтаждықтан, қаладан шағын кентке көшуге мәжбүр болды.
Әділ Көбегенов, зардап шегуші:
- Кіші жіліншік сүйегі мен сирақтың сынуы, терінің жыртылып ажырауы және бұлшық еттің сүйектен бөлінуі ресми тіркелді. Тұрмыстық жағдайда өздігімнен көшеге шыға алмаймын. Үйдің ішінде ғана қозғала аламын. Балдақпен жүргендіктен, бір шыны су құйып ішудің өзі бір мұң.
Оқиға былтыр 12 тамызда Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС аумағында болды. Бұл - «Аллюр» компаниялар тобына кіретін кәсіпорын. Жүк тиегіш жүргізушісі артқа қарай жүргенде Әділдің аяғын басып кетеді. Ауыр техника дөңгелегінің астында қалған аяқ ашық сынық жарақатын алған.
Әсел Оразбаева, зардап шегушінің туысы:
- Түске қарай зауыттың 5-7 өкілі келді. Олар көңіл айтуға тырысқанымен, моральдық қысым көрсетуге де әрекеттенді.
Туыстарының айтуынша, операциядан кейін кәсіпорын қызметкерлері ауруханаға бас сұғып, әлі наркоздың әсері басылмаған науқаспен сөйлесуге тырысқан. Бірақ, оқиға болған күндері кәсіпорын тарапы жарақат алған жұмысшыға көмек беруге асықпаған. Қостанайда қажетті медициналық құрал-жабдық болмаған соң, отбасы Әділді елордаға жеткізуді талап етеді.
Әсел Оразбаева, зардап шегушінің туысы:
- Шамамен 5 күн бойы зауыттағылар бірдеңе істеп жатқандай кейіп танытты. Олар үнемі біреулерге қоңырау шалып жатты. Осылай 5 күн жалғасты. Әлеуметтік желіде резонанс тудырғаннан кейін ғана бізге санитарлық авиация бөлінді. Ал оған дейін эконом-класс әуе билеттерін беріп, Әділ екеумізге өз бетімізше Астанаға ұшып баруымызды ұсынған.
Жұмысшыны алда тағы бір операция күтіп тұр. Ал отбасы болса, сол күйі әділдік іздеп «шырылдап жүр». Адвокаттың айтуынша, бастапқы тергеу кезінде жазатайым оқиғаға қатысты кінәнің 70 пайызы жұмыс берушіге, 30 пайызы қызметкердің өзіне артылған. Бірақ зардап шегуші бұнымен келіспей, сот шешімін қайта даулап алды.
Ләззат Исмаилова, адвокат:
- Әрине, біз бұл актімен келіспедік. Сотқа жүгініп, оны дауладық. 2026 жылғы 29 қаңтардағы сот шешімімен жұмыс берушінің кінәсі 90 пайыз, ал қызметкердің кінәсі 10 пайыз деп белгіленді. Талаптарымыз ішінара қанағаттандырылды. Сот шешімімен келісеміз. Апеляциялық шағым түсіруді жоспарлап отырған жоқпыз.
Компания өндірістік жарақат алған қызметкеріне 3 млн теңге өтемақы ұсынған. Әрине, күрделі жарақат үшін - бұл сома мардымсыз. Қорғаушы Әділдің моральдық зардап шеккенін де ескеру керек деп есептейді.
Ләззат Исмаилова, адвокат:
- Біз бұл сот дауларының алдын алуға тырысамыз. Өз ұсыныстарымызды енгізіп, келіспеушілікті бейбіт жолмен реттеу үшін сотқа дейінгі ресми талап жолдаймыз. Егер зауыт біздің шарттарды қабылдамаса немесе бізге оңтайлы болатын ұсыныстар жасамаса, онда әрі қарай дауды сотқа дейінгі тәртіпте шешуді жалғастырамыз.
Қазір Азаматтық іспен қатар, қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Полиция жүк тиегіш жүргізушісіне қатысты іс қозғады. Қосымша сот-медициналық сараптама арқылы денсаулыққа келтірілген зиянның ауыртпалығы бағаланады. Одан соң, істің одан кейінгі дәрежесі анықталады. Біздің редакция «Аллюр» компаниясына ресми сұрау жолдап, болған жағдайға қатысты пікір білдіруді сұраған. 1 ай уақыт өтсе де, ешкім жауап қатпады. Дәлірек айтқанда, «Аллюр» Бұқаралық ақпарат құралының сауалын елеусіз қалдырды.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Мирлан Алтынбек, Дінмұхамед Аманғазыұлы
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #автозауыт #жұмысшы #Заң мен тәртіп #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz