Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында отандық «Robotek» мектебі информатика және робототехника пәнінің мұғалімдерін оқыта бастады.
«STEM-Ұстаз» жобасы бойынша биыл елімізде 200 мұғалім шеберлігін шыңдайды. Ұстаздардың біліктілігін жетілдіру курстары Орал қаласынан басталды.
Өңірде робототехника үйірмелеріне 1200-дей бала барады. Тек аудан орталықтарындағы мектептен тыс жұмыс орталықтары емес, ауыл мектептерінде де балалардың жаңа технологияларды меңгеруіне жағдай жасалған. Бөкейордалық тәлімгер Жалғас Әшенов робот құрастыруға ынталы шәкірттердің саны шалғай ауданда да күн санап артып келе жатқанын айтады. Оларға сапалы білім беруде ұстаздардың біліктілігін жетілдірудің маңызы ерекше.
Жалғас Әшенов, робототехника үйірмесінің жетекшісі:
- Осындай курстар қазіргі таңда бізге өте қажет. Өйткені қазіргі таңда заманауи технология, цифрландыру бір орында тұрып жатқан жоқ, дамып жатыр. Сондықтан осындай курстар көбірек болса. Мында робот үйретіп жатқан әріптестерімізден үлкен тәжірибені алып, соны ауданымызға апарып, оқушыларымызға көрсетуге тырысамыз мүмкіндігімізше. Қазіргі кезде ауданымызда оқушылардың қызығушылығы өте жоғары.
Информатика және робототехника пәні мұғалімдерінің біліктілігін жетілдіру курстары былтыр 400 адамды қамтыса, биыл әзірге 200 ұстазды оқыту көзделген. Әр курс 80 сағаттан тұрады. Жаңа білім беру бастамасының мақсаты – отандық оқушылар мен педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттырып, жасанды интеллектіні дамыту, «Digital Kazakhstan» ұлттық бағдарламасын қолдау.
Санжар Шалқарбеков, «Robotek» мектебінің бас директоры:
– Жоба аясында еліміздің барлық өңірлерінде робототехника мұғалімдерін оқытамыз. Олар бүгінгі оқушыларды цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне дайындайды. «STEM-Ұстаз» – мұғалімдердің кәсіби дамуына және оларды жасанды интеллектке жылдам бейімдеуге нақты мүмкіндік. Аталған курс бағдарламасын біздің мектеп қызметкерлері жасақтап шықты. Курс Оқу-ағарту министрлігі ұсынған курстар реестріне енді.
Информатика және робототехника пәні ұстаздарының офлайн оқуына 30 оралдық оқытушы қатысуда. Күзге дейін жалғасатын «STEM-Ұстаз» жобасы тамызда Талдықорғанда қорытындыланады.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #робототехника #цифрландыруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz