Алматылық жас инженерлер Юпитердің жоғары қабатынан энергия алуды зерттеп жатыр.
Оқушылардың ғылыми жобасы беделді халықаралық Space Settlement Contest 2026 байқауында 1-орын алды. Сайысқа әлемнің 31 елінен 23 000-нан астам оқушы қатысты.
Командада 12 оқушы бар. Жоба - Icarus: Baiterek деп аталады. Мақсаты Юпитердің табиғи серігі Каллистоның орбитасында ғарыш стансасын орнату. Бұл Юпитердің жоғары қабатынан баламалы энергия алуға көмектеседі. Оқушылар осы әдісті Жер жағдайына бейімдеуге болатынын айтады. Жасанды гравитация қалыптастырып, суды 90%-ға дейін тазарту және хлорелла негізіндегі оттегі өндіру тәсілін қарастырған.
Томирис Нұрсаидова, NIS Алматы-Медеу 9-сынып оқушысы:
- Юпитерде адамзаттың дамуына қажетті ресурстар көп. Болашақта соны тасымалдау мүмкіндігі де бар. Мысалы, Каллисто орбитасында радиация аз және орналасуы да ыңғайлы. Біз осы идеяны 2 ай зерттедік, болашақта жүзеге асу мүмкіндігі жоғары.
Әлемдік байқауда үздік атанған оқушылар АҚШ-қа шақырту алыпты. Олар маусым айында Вирджиния штатында өтетін International Space Development Conference 2026 халықаралық конференциясында өз жобаларын таныстырады.
Ерболат Ниятбай, NIS Алматы-Медеу директоры:
- Дәл осы оқушылар былтыр да осы сайыста жүлделі орынға ие болған болатын. Біздің жалпы мектепте ғылыми жобалар практикасы өте жақсы жолға қойылған. Оқушылар әртүрлі социалды, отбасылық құндылықты проблемаларды алып өздерінің ғылыми жобаларын жасайды. Бұл тек қана бір бағыттағы оқушыларымыз деп айтуға болады.
Физика-математика бағытындағы мектептің басқа тәлімгерлері де топ жарып жүр. Оқушылар қазір түрлі бағытта 100-ден астам ғылыми жоба жасап жатыр. Соның сегізі «Дарын» республикалық ғылыми жобалар конккурсында жеңімпаз атанған.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Айдос Қалиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Алматы #оқушылар #сайыс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz