Түркістан облысында Сарыағаш айналма жолының құрылысы басталды.
Бұл жоба Орталық Азиядағы маңызды көліктік тораптардың біріне айналмақ. Ауқымды инфрақұрылымдық бастама өңірдің көлік жүйесін айтарлықтай жақсартып, жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қолданыстағы екі жолақты жол тәулігіне небәрі 3 мың көлікке есептелгенімен, іс жүзінде күніне 20 мыңға дейін автокөлік қатынайды. Бұл жағдай кептелістер мен жол-көлік оқиғаларының көбеюіне себеп болған. Жаңа жоба аясында ұзындығы 102 шақырым болатын төрт жолақты айналма жол салынады. Сонымен қатар жол бойында 8 көлік жолайрығы мен 2 теміржол өткелі бой көтереді. Жобаның жалпы құны 204 млрд теңге, ал құрылыс жұмыстары үш жылға жоспарланған.
Лесбек Нұртаев, Келес аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Көптен күткен автожол еді. Қазір техниканың көп заманы. Жолда кептеліс деген өте үлкен. Жібек жолынан бері қарай жүру біраз жылдан бері өте қиындап жатыр еді. Қуанышты жағдай, жол басталып, бүгін осындай қуанышқа келіп отырмыз. Жолымыз аман-есен басталып аяқталатын болса, халық үшін үлкен өзгеріс болайын деп жатыр.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Құрылыс аясында 32 көпір, 223 құбыр салынады. Жаңа аялдамалар жасалады. Аялдамалардың ішінде заманауи әжетханалар, қонақүйлер, кафелер пайда болады. Жоба аясында барлығын ішіне енгізіп отырмыз.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Сарыағаш #автожолPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz