Ақтөбеде «Жасыл ел» жасақтарының жұмысы енді жыл бойы жалғасатын болды.
Бұған дейін тек маусымдық негізде еңбек еткен жастар биылдан бастап қыс мезгілінде де елді мекендердің тазалығына үлес қосады. Сәуір айында бағдарлама аясында оқушылар, студенттер және жұмыссыз жастардың үшінші легі жұмысқа қабылданды. Жалпы 2026 жылы жоба арқылы 3 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.
Жұбаныш Өмірзақ «Жасыл ел» жасағына үшінші рет жазылған. Бұған дейін екі маусым еңбек еткен студент оқу тәжірибесін нәпақа табумен ұштастыруды жөн санайды. Ала жаздай сенделіп жүргеннен шаһардың тазалығына үлес қосып, тамыз айына дейін табыс табуды көздейді.
Жұбаныш Өмірзақ, студент:
- Практика уақытында осы жерде жұмыс істеймін. Бір жағынан біз осында практикада жүрміз, ал бір жағынан жұмыс істеп айлық алып жатырмыз. Көшені барынша тазалаймыз. Жастар таза болуына үлес қосады. Негізі қала тазарып келе жатыр.
Биыл «Жасыл ел» мен «Атамекен» жасақтары ХХІІ маусымға қадам басты. Елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыру, құрылыс жұмыстарына 16 мен 35 жас аралығындағы жұмыссыз жастар тартылады. Қазірдің өзінде облыс орталығы мен өңірдің он ауданында 140 адам әлеуметтік бағдарлама аясында еңбек етіп жүр.
Артур Әзиев, «Жасыл ел» жасақтарының үйлестірушісі:
- Қаланың санитарлық тазалығы бойынша жеті мекемемен жұмыс атқарылып жатыр. Енді бізде негізгі көп бөлігі маусым мен шілде айларында шығатын болады. Студенттер де демалысқа шығатын болады, мектеп оқушылары да демалысқа шығатын болады.
Жалпы биыл жастардың еңбек жасақтарына 3200 адам қабылдануы тиіс. Олардың 2000-ы орман шаруашылықтарында жасыл желек белдеуін өсірумен айналысады. Қалғандары ауыл мен қалалардың санитарлық тазалығына атсалысып, құрылыс алаңдарында еңбек етеді.
Әлімбек Тұралиев, облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:
- «Атамекен» құрылыс отрядтары 85 мың теңге төлесе, 85 мың теңге, яғни 50 пайызын жұмыс беруші мердігер төлейді. Бұл жағынан жастарға да үлкен мотивация. Мердігерге де олардың жұмыс істеуіне, оларды қадағалауға, жалпы жұмыстың сапалы орындалуына өз үлесін тигізуде.
«Жасыл ел» – жаз мезгілінде жастарды жұмыспен қамтитын бірегей жоба. 22 жыл бұрын Ақтөбеде бастау алған бастаманың бүгінде өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Мәселен, әр маусым сайын үздік сарбаздар анықталып, олардың еңбегі ерекше бағаланады. Биыл да еңбек озаттары назардан тыс қалмайды. Жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған жастарға елордаға үш күндік демалыс жолдамасы табысталады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Жасыл ел #АқтөбеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz