Шығыс Қазақстан облысында көктемгі тасқынға қарсы алдын алу шаралары аяқталды. Өңірде ондаған шақырым арық жүйесі мен су өткізгіш арналары тазартылды.
Өзендерде 180 мың текше метр мұз жарылды. Сонымен қатар Риддер маңындағы таулы аймақтарда бұлақтар тереңдетілді.
Риддердегі Алтай тауларынан бастау алатын Громотуха, Быструха және Үлбі өзендері көктем сайын қауіп төндіреді. Мамандардың айтуынша, күннің күрт жылынуына байланысты таудағы қар қарқынды еріп, шағын бұлақтардың өзі арнасынан асып тасиды. Осыған байланысты биыл алдын алу шаралары күшейтіліп, су арналары едәуір тереңдетілді. Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Евгений Тарасовтың мәліметінше, қазіргі таңда 70 су өткізу құбыры тазартылған.
Евгений Тарасов, Риддер қалалық ТЖБ бастығы:
- Ақпан айының соңында 6 шақырым арық пен 13 шақырым су арнасы аршылды. Бұл елді мекендерде су басу қаупін едәуір төмендетті.
Алайда көктемгі тасқын қаупі жеке секторда сейілген жоқ. Өйткені көшелердегі арықтар бітеліп қалған. Бұл ретте төтенше жағдайлар қызметкерлері үй-үйді аралап, тұрғындарға ескерту жасап жүр.
Үй алдындағы арықты тазалау тұрғындардың міндеті. Өңірде көктемгі тасқынның алдын алу үшін 180 мың текше метр мұз жарылды. Бұл өзендердің тасып, елді мекендерге жайылуына жол бермеді.
Аяулым Кекиева, облыстық ТЖД басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Алдыңғы аптада әуеден барлау жүргізілген. Нәтижесінде өзендердің арналардан шығуы байқалған жоқ. Біздің уақытылы жүргізілген жару жұмыстарының нәтижесінде өзендердің мұз құрсауынан ашуылуы штатты режимде өтті.
Мамандардың айтуынша, қазір облыстың 52 пайыз аумағы қардың астында жатыр. Сондықтан босаңсуға негіз жоқ. Өңірдегі өзендер маусым айына дейін бақыланады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ШҚО #ТЖМPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz