Қар кетті, жолдың ой-шұңқыры көрінді. Семейде биыл 100 көшені жөндеу жоспарланып отыр.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Қазір біз Лесопильная көшесінде тұрмыз. Көшенің сол жағында аспалы көпір бар, алайда өткелге барар жолдың жағдайы сын көтермейді. Мұнда көлік түгілі, жаяу жүргіншілердің жүруі қиын. Қаланың шеткері аудандарын айтпағанда, Семейдің орталығындағы жағдай осындай.
Бұл көшеде тұрып келе жатқанына 60 жылдан асқан Любовь Иванова осы уақыт ішінде жол жөнделгенін көрмеген. Оның сөзінше, жаз мезгілінде көшенің беті шұрық-тесікке айналса, көктемде батпақ басып, жүру мүмкін болмай қалады. Тұрғындар әсіресе мектепке баратын балалар үшін алаңдайды.
Любовь Иванова, қала тұрғыны:
- Біраз уақыт бұрын балалар резеңке етікпен жүретін, мына шұңқырлардан қалай өтетінін білмей қиналатын. Батпаққа батып қалған кездері де болды. Широкая көшесінің де жағдайы осындай. Мектепке бару мүмкін емес еді. Балалар үшін қатты алаңдайтынбыз. Елестетіп көріңізші, осы көшемен 11-мектепке дейін бару керек, өте алыс.
Семей қаласында мұндай жағдай тек бір көшемен шектелмейді. 35-квартал, Молдағалиев және Гагарин көшелерінің де жағдайы сын көтермейді. Жүргізушілердің айтуынша, ойдым-ойдым жолдар көліктердің жиі бұзылуына себеп болып отыр.
Жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар. Биыл қала бойынша жалпы ұзындығы 97 шақырым болатын 100 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар шеткері аймақтардағы көшелерге құм мен қиыршық тас төсеу көзделген.
Әділбек Увасилов, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда міне, Лебаев көшесі теміржол маңын жөндеп жатырмыз. Одан бөлек, орталықтағы бірнеше көшені жөндедік. Қазіргі таңда 5 мың квадрат шұңқырларды жаптық. Одан бөлек, орташа жөндеу болмайтын көшелерде құм-қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл – бізде басым бөлігі су құбырларын тартқан көшелер.
Ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша мердігер анықталып жұмыс басталған. Ал орташа жөндеу жұмыстарына қажетті құжат әзірленіп жатыр. Жалпы Семей қаласы бойынша 1759 көше бар. Бүгінде соның тең жартысы жөндеуді қажет етеді.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов
Тегтер #Семей #көше #жолдар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz