RU
Толық нұсқаға өту

Апатты үйлердің мәселесі қашан шешіледі?

08.04.2026, 08:16 33

Құлсарыда апатты баспаналар мәселесі өзекті. Қалада шамамен 50 жыл бұрын салынған 89 үй бар. 

Жергілікті билік биыл екі қабатты 18 тұрғын үйді бұзып, орнына жаңа баспана салуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар арнайы бекітілген жол картасы аясында жүзеге асырылады. Сөйтіп Жылыой ауданындағы апатты үйлердің мәселесі 2029 жылға дейін толық шешілуге тиіс. 

Асланбек Шығыр, тілші:

- Мына үйлердің салынғанына 50 жылға жуықтады. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Қазір қабырғалары жарылып тұр. Жаңбыр жауса, төбеден су ағып, тұрғындар әбігерге түседі.

Моноқаланың орталығындағы екі қабатты мына 12 үйдің жағдайы көңіл көншітпейді. Тұрғындар жыл сайын өз қолымен жамап-жасқап әлек. «Жазда масаның ордасына айналады. Қыста үйдің іші жылынбайды», - дейді олар.

Гүлбаршын Кереева, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Жарлары жарылып тұр. Қыста үйіміз өте салқын. Гуілдеген жел келеді. Менің үйімде бірінші топ мүгедегі бар. Өзімнің подъезіме есік салып, ақтап, сырлап, төбесін жаптым. Алайда соның өзінде де үй өте салқын. Тұруға қолайсыз.

Жұмажан Молдабаева, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Төбелерінен су кетіп жатыр. Төбе түсіп жатыр. Кәмелетке толмаған балалар бар. Жалпы енді ыждағаттап, мына жерге жөндеу жұмыстарын жасамай, бірден бұзамыз деп жатыр ғой. Жаңадан пәтер берсе жақсы болар еді.

Мөлдір Айтжанова, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Мынаның сынып жатқанына бәлен жыл болды. Төбесі құлап жатыр. Сырты тіпті ескерді. Жертөле шіріп жатыр.

2023 жылы Құлсары қаласындағы 126 көпқабатты тұрғын үйге техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 98 үйдің апатты жағдайда екені анықталды. Былтыр оның 9-ы сүрілді. Биыл тағы 18 үйді көшіру жоспарланып отыр. Ол үшін бюджеттен 2,5 млрд теңге қаржы бөлінген. «2026-2029 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, Құлсары қаласындағы апатты үйлердің мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі»,- дейді жауаптылар.

Бауыржан Сартов, Жылыой аудандық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы:

- Жол картасына 89 көпқабатты тұрғын үй енгізілді. Ағымдағы жылы Жол картасына сәйкес 18 тұрғын үйді бұзу жұмыстары жоспарланып отыр. 18 тұрғын үйге 288 пәтер жоспарланып отыр. Меншік иелеріне ақшалай өтемақысын, бағалау жұмыстарының қорытындысына сәйкес өтемақысын немесе пәтер ұсыну жоспарда бар.

Қазір өңірде апатты жағдайдағы 205 тұрғын үй бар. Оның көпшілігі облыс орталығы мен Құлсары қаласында орналасқан. Биыл өңірдегі апатты үйлерді көшіру үшін облыстық бюджеттен 6 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz