Енді екінің бірі кредит ала алмайды. Тіпті ломбардқа берешегің болса да банкке беттей алмайсың.
Саланы реттейтін жаңа заңда жеке тұлғаның төлем қабілеті терең зерделенбек. Бұл «жұртшылық қарыз қамытын киді», - деп талай мінберде көтерілген мәселеге қарымта қадам. «Банктер және банк қызметі» туралы құжатта халық пен бизнеске қызмет көрсетудің қауіпсіздігі мен сенімділігі қамтылған. Бастысы – басымдық банкке ғана емес, тұтынушылардың құқықтарын жүйелі қорғау да көзделген. Енді іс жүзінде уақыт көрсетеді.
Банктер баяғыдан бабында. Ұйқысы тыныш, ұпайы түгел. Қарызды да, пайызды да ойдағыдай орындап отыр. Тұншықтырғаны – тұтынушылық кредит. Елдегі еңбекке қабілетті 9 млн.нан аса адамның несиесі бар. Көлемі 14 трлн теңгедей. Соның 90 күннен кешіктірілгені 1 трлн 65 млрд теңгеге жеткен. Бұдан қаржы ұйымдарының мұрты қисаймаса да, мұраты дұрыс емес. Себебі экономиканы өрге сүйреуші – шағын-орта бизнесті маңайлата бермейді. Мәселен, кәсіпкерлікке 6 трлн теңгедей тиген. Ал әлемдік тәжірибеде оның үлесі жалпы несиелеудің 40 пайызына пара-пар.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
- Азаматтарға несиені неғұрлым жеңіл және еш тәуекелсіз бере берсек болашақта бұл үлкен қордаланған мәселеге айналып кетуі мүмкін. Екіншіден банктердің өздеріндегі ішкі мәселенің көбейіп кетуіне, кей банктердің төлем қабілетінің немесе рейтингтерінің төмендеуіне, тіпті, банкрот болып қалуға да әсер етеді. Сол үшін жалпы біз әлемдік тәжірибені ескере отырып, «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтындай» жағдай жасауымыз керек.
«Қарызсыз қоғам» құру жолында жұртшылыққа кеңес беріліп те жүр. Бірақ, қарық қылғаны шамалы. Себебі бірі құлақ асса, кейінгілері елемейді. Несібесі жетіп тұрса несиеде несі бар? Сондықтан кесімді заң керек болды. Жыл басында «банктер және банк қызметі» туралы жаңа заң қабылданды. Құжатқа сәйкес қаржы ұйымдары қоржынындағы несие сапасын бақылауы тиіс. Егер қарыз тым көбейсе реттеуші орган оның капиталын арттыруды немесе лицензиясын қайтаруды талап ете алады.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
- Қайтарылмаған несие мен уақытылы төленіп отырған несие арасындағы баланс өзгере бастады. Енді банктер бұрынғыдай проблемалық несиелерді жасыра алмайды. Яғни олардың қайтарылмаған несиесі рейтингіне кері әсерін тигізеді. Сөйтіп банктердің провизиялары арта бастады. Өздерінің резервтерін көбейтуге мәжбүр бола бастады.
Ал бұрын банктер қамсыз еді. Халық қарызын колекторларға сататын. Олар амалын тауып, берешекті алады. Бермесе қоқан-лоқы көрсетсе де борышкердің қалтасын қағады. Алайда асқанға тосқан. Тықыр таянды. Келер жылға дейін мораторий.
Құралай Құдайберген, ҚР ҚНРДА Сыртқы коммуникациялар басқармасы басшысының орынбасары:
- Біріншіден, проблемалық қарыз алушыларға кредит беру шектелді. 2024 жылғы Заңмен егер мерзімді 90 күннен аса кешіктіру болса, кредиттер беруге тыйым салынды. Екіншіден, кредит беру өлшемдері күшейтілді. 5 жылдан астам мерзімге кепілсіз кредиттер беруге тыйым салынады. 3-5 жылдық қарыздар бойынша тәуекел-саралау 350%-ға дейін көтерілді. Жақында қарызы есептен шығарылған немесе қайта құрылымдалған қарыз алушыларға жаңа кредиттер беруге тыйым салынды.
Негізі қаржы ұйымдарына кредит беруге қатысты қатаң қағида 6 жыл бұрын енгізілген. Қарыздық жүктеме коэффициентін ескеру керек. Талапқа сәйкес табысыңның жартысы ғана рәсімдеген несиеңнің өтемі болуы тиіс. Бірақ, сол ереже көбіне елеусіз қалды. Бұны термин тілімен KDN десе, енді жаңа заңға сәйкес KDD дегені қосақталып жатыр. Мағынасы – тұтынушының жалпы берешегінің жылдық табысының ара салмағы.
Нұржан Бияқаев, Банк саласы бойынша тәуелсіз сарапшы:
- Бұл екеуі коммерциялық банкке барып, ресми жалақы туралы анықтама және зейнетақы қорынан көшірме берген кезде күшіне енеді. Осындайда сіздің кірісіңіз ғана қаралмайды. Тіпті басқа банктердегі қарызыңыз уақытылы төленсе де, мәселен қосымша ипотекалық несие рәсімдей алмауыңыз мүмкін. Ал гарант тарту, кепіл қою дегендер іс жүзінде шешілмейтін мәселе. Мұнда ең маңыздысы азаматтардың табыс деңгейін көтеру немесе нарықтағы шаршы метрді төмендету керек. Егер осы екі фактор шешілмесе, аталған пруденциалдық нормативтер енгізілгенін ескерсек ипотекалық несиеге өтінімдер азаяды.
Қарыз алу Жапонияда жат әдет. Банк түгілі бауырынан сұрауға ұятсынады. Әрине, ділі бөлек ел. Бірақ есі кірген адам ешкімге масыл болмауы тиіс деген ұстанымы– алақан жайдырмайды. Ақша жинауға қамданады. Несиенің өзін көлік пен пәтер үшін алады. Себебі жүктемесі жеңіл. 3-4 пайыз ғана. Бізде пайызға қатысты пайым сол қалпы. Тек қарыз алуға қадам қысқартатын қатаң қағидалар қолданыла бастаған.
Назар Рахымов, Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының заң бойынша басқарушы директоры:
- Біз байқап, бағамдап отырмыз. Жеке тұлғаларға несие рәсімдеуге шектеу көбейді. Барлық несиенің үштен біріне тоқтау салынған. Тіпті, қауымдастыққа хабарласатындар қатары артты. Соның ішінде мемлекеттік органдар банктердің түрлі себеппен несие рәсімдемей жатқанын айтты. Әуелгісі адамдардың төлем қабілетіне қатысты қатаң талдау. Әсіресе төлем мерзімін өткізіп алғандарға қырағылық танытылып жатыр. Бұрын қарызы 90 күннен кешіктірілсе, қазір 30 күнге кемітіп тастады. Тіпті егер микро қаржылық ұйым немесе ломбардқа берешегің 1 күннен асса, онда кредит алу қиындайды.
Қазақ банктері ресурсқа бай елдер ішінде ең көп пайда табады. Президент осылай деген. Демек дивидендіне сәйкес өтеуі де тиіс. Жалпы 2007 жылдан бері мемлекет банктерді қолдауға 6 трлн 600 млрд теңге жұмсаған. Алайда банк акционерлері дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыруға қатыстырылмады. Енді Еуропа одағымен салыстырайық. Ондағы акционерлер мен ірі кредиторлар көмекпен бірге міндетті түрде жауапкершілікті қатар алады. Бірақ біздің банктерге зейнеттесің бе, бюджеттесің бе әлде кәсіпкерсің бе, бәрі бір. Отандық банктер өзіне ыңғайлы климат жасап алған. Себебі банк туралы 30 жыл бұрын жазылған заң заман ағымынан қалған еді. Енді жаңасы жазылды. Ұшпаққа шығара ма? Тәжірибе көрсетеді.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Альмира Оразбай
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #кредит #банкPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz