RU
Толық нұсқаға өту

СҚО-да жаңа балабақша жұмыс істемей тұр

08.04.2026, 21:00 25

Петропавлда  былтыр ашылған  балабақша әлі жұмыс істемей тұр. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі қайтарылған активтер есебінен салынды.

Оның құрылысына арнаулы мемлекеттік қордан 2 млрд.теңге бөлінді. Бірақ халық игілігіне салтанатты түрде тапсырылған әлеуметтік нысан сол күйі қайта жабылды. Бұл туралы арнамызға хабарласқан ата-аналар  айтты.

«Жас өркен» мемлекеттік балабақшасы былтыр Тәуелсіздік күніне орай ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі қатысып, балаларға жаңа жылдық сыйлық жасады. Бірақ қазір ғимарат маңында тіршілік білінбейді.

Қазақ тілінде білім мен тәрбие беретін балабақша ашылғанда  «Жас өркен» шағын ауданы тұрғындарының қуанғаны рас.  Бірақ қуаныш  ұзаққа созалмады. Ресми түрде тапсырылған нысан қайта жабылып, әлі күнге дейін істемей тұр.

Ғабдолуахаб Қошығалдынов, қала тұрғыны:

- Балабақша желтоқсан айында ашылған. Әлі істемей тұр. Балалардың кіріп-шыққаны көрінбейді. Біз енді орталыққа балаларды апарамыз. Әрине, жабылып қалғаны дұрыс емес. Ашылған соң салтанатты түрде істеу керек деп ойлаймын.

Майра Жанбекова, қала тұрғыны:

- Балаларымы, немерелеріміз бар, бұл неге ашылмай созылып тұр деп ойлағанбыз. Ашылса оңды болар еді.

280 орындық балабақша қайтарылған активтер есебінен салынды. Қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, нысанның ресми құжаты әлі дайын емес. Сондықтан бала қабылдап, жұмысты бастау мүмкін болмай отыр. Мәселе жақында шешімін табады дейді.

Динара Рақышева, қалалық Білім бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі таңда техпаспортты рәсімдеу өтінімі берілді. Келесі аптада санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыға өтінім беріледі. Осыдан кейін бұл мекемеден орын алу үшін Индиго жүйесіне кіру қолжетімді болады.

Мамандардың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру ұйымы жақын арада ашылады. Жалпы қала бойынша балабақша кезегінде 2 мыңға жуық бала тұр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz